Жақсы тұрғындары ауыр металл кенішінің ашылуына қарсы
Кеніш керек емес! Ақмола облысындағы Жақсы кентінің тұрғындары инвестордан жаппай бас тартты. 240 жаңа жұмыс орны мен жоғары жалақы, ауылға әлеуметтік көмек, жол, су мәселесін толығымен шешуге әзірміз деген инвесторлардың уәдесіне іші жылымады. Өйткені олар марганец өндіретін кен орнын ашпақ. Бұл ауаны ластап, ұрпақты улайды дейді жұрт.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.11.2019
«Кеніш ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болады» екен дегенді естігенде іргедегі Жақсы ауылының тұрғындары қуанғаны рас. Бірақ ауыр металл – марганец өндірілетінін білгенде дүйім жұрттан маза кеткен. Енді олар бастан аяқ алтын құйып қойса да кен орнын ашқызбаймыз деп отыр.
Қарапайым ауыл тұрғынына 300 мың теңге жалақысы бар жұмыс іргеден табылғанда көзді жұмып келісе кеткендер болған. 80 адам құжатын тапсырып, екі қолға бір күрек табылды деп қуанды. Бірақ мәселенің кеніште өндірілетін шикізат – марганец екенін білгенде ат-тонын ала қашты. Енді небәрі бес жылдық қоры бар кен орнына 16 миллиард теңге құямыз деген инвесторларды тіпті тыңдағысы жоқ.
- Бұл біреудің мүддесіне қажет, ал біздің балаларымыздың мектебі тап жанында тұр, олар білмейтін шығар, бізде жел өті батыс жақтан соғып тұрады...
Халықпен кездесуге келіп қоғамдық тыңдау өткізгісі келген кәсіпкерлерді жұрт жерден алып, жерге салып, Жақсыдан тайып тұруын сұрады. Олар қалай болғанда да ауылдан бір жарым шақырым жерде кен орнын ашқызбаймыз деп отыр. Бес мыңнан аса тұрғыны бар аудан орталығының жұрты жерді қаза бастаса, инвесторларға қарсы шығуға бел байлап отыр.
Алма Бралина, Жақсы кентінің тұрғыны:
- Ауданда, ауданның көлемінде марганец ашамыз деп жатыр. Сондай жобаны енгіземіз деген ұсыныс енгізіп жатыр. Біз оған, халық, бәріміз қарсымыз. Неге десеңіз, бәріміз де анамыз, бәріміздің баламыз,немереміз, ата анамыз бар. Қарсымыз!
Геологиялық зерттеу жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын аяқталған. Марганец кенішін ашуға жобада үш мың тал ағаш отырғызу да қарастырылған. Экологияға зиян тигізбеуге ең соңғы технология бойынша қорғаныс құралдары қолданылады деп шыр-пыр болған инвестор әлі күнге дейін жер актісін де алмаған. Жағдайдың бұлай ушығуына «әлдекімдер ықпал етіп отыр» дейді.
Айбек Жұманбаев, «ТКС Жақсылық» ЖШС директоры:
- Мындағы келіп отырған кісілердің бәрі қызметте, жағдайы жақсы кісілер ғана келіпті. Бірақ та көбісінің жұмысы жоқ, жағдайы жоқтар. Олар қорқып отыр. Неліктен қорқып отыр? Оларға тапсырыс берілген. Ауыз ашпаңдар, түк айтпаңдар, көп сөйлесеңдер сіздермен басқаша әңгіме болады деп.
Инвестордың қолында әзірге тек жер астындағы кенге ғана рұқсаты бар. Жер теліміне рұқсаты жоқ. «Құжатын жөндемей тұрып халықты әбігерге салғаны несі?» деп кейіген тұрғындар кен орнын «ашқызбаймыз» деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!