Алматы троллейбустары жұмысын неге тоқтатты?
Алматыда троллейбустардың 50 пайызы жұмысын тоқтатты. Оған басты себеп - электр станциясындағы апат. Соның салдарынан Қабанбай батыр, Абылайхан, Тимирязев және Абай көшелерінің бойымен қатынайтын троллейбустардың саны азайды.
Автор: Әсем Қабылбек
05.11.2019
Бекболат Бердібаев, Алматы көлік мекемесі троллейбус желілеріне қызмет көрсету орталығының директоры:
- Қаланың ішінде 18 қосалқы станциямыз бар. Соның екеуі қазір істен шығып тұр. Соған байланысты жолаушылардан кешірім сұраймыз. Егер үлгерсек, жоспар бойынша бүкіл троллейбустар ертең жұмысқа шығады.
Жауапты мекеме басшысының сөзінше, 1974 жылы қолданысқа берілген электр желісі тозып істен шыққан. Бүгін қалада небәрі 49 троллейбус маршрутқа шыққан. Электр күші аз болғандықтан, көбінің жылдамдығы баяу. Қосалқы станциялардың қуаты әлсіз. Желідегі кернеудің күші тоқпен жүретін көліктің жұмысын толық қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан қосымша автобустар уақытша іске қосылған. Алайда жолаушылар одан бейхабар. Көбі діттеген жеріне жете алмай аялдамаларда троллейбусты тағатсыздана күтіп әлек.
Жалпы, алматылық жолаушыларға күн сайын 100 троллейбус қызмет көрсетеді.
Рыскүл Иманалықызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- №5 троллейбусты күткеніңізге қанша болды?
- Бірталай уақыт болды. Студенттер көп, мен уақытымды қатты бағалаймын. Менің уақытым өте қымбат.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!