{metadescription}
ТДК-Монолит! Жұмысшыларын жылатқан компанияның мәселесін құзырлы органдар қарайтын болды
ТДК-Монолит! Жұмысшыларын жылатқан компанияның мәселесін құзырлы органдар қарайтын болды

ТДК-Монолит! Жұмысшыларын жылатқан компанияның мәселесін құзырлы органдар қарайтын болды

Алматыда элиталық тұрғын үй кешенін салып, жалақысын ала алмаған құрылысшылар әр есікті қағуға мәжбүр. 60 шақты азамат мердігер мекемеден ақша даулап жүргенде жұмыстан шығып қалған. Компания басшысы басында күнде «ертең береміз» деп алдап, кейін тіпті сөйлесуді де қойды дейді наразы құрылысшылар. Мердігерді тіпті әкімнің алдына барып алдырта алмаған олар ақыры Еңбек инспекциясы мен прокуратураға шағым қалдырып, үйлеріне тарқасты.

Азаматтардың ақшасын даулап жүргеніне төрт айға жуықтапты. Олар жаңадан бой көтеріп жатқан «Айсұлу» тұрғын үй кешенінің іргетасын құйып, қабырғасын қалаған. Алғашында айлықтарын уақтылы алып тұрған құрылысшылар тамызда «аяқ асты жаппай жұмыстан шығып қалдық» дейді. Бұл аздай, мердігер мекеме соңғы айдың жалақысын бермей қойған.

Сіләмғазы Қанапиянов, құрылысшы:

- Наурыз айында келгенбіз. Бас мердігермен келісімшартқа отырып жұмыс істедік. Ол «ТДК-Монолит» деген фирма. Ал тапсырыс беруші басқа фирма. Олар «төлеп қойдық» дейді. Анау бізге төлеген жоқ дейді. Осы уақытқа дейін бірбіріне сілтеп келеді. Төрт айға кетті, әлі шешілмей келеді. 

Бір күнде жұмыссыз қалған құрылысшыларға компания 10 миллион теңгеге жуық қарыз. Алайда мердігер берешегін қайтаруға асығатын емес. Алпысқа тарта азаматты күнде «ертең» деген құрғақ уәдемен тойдырып келеді. Оның үстіне құрылысшылар жұмыстан да «заңсыз шығарылдық» деп шырылдайды.

Нұрғанат Шажабаев, құрылысшы:

- Жұмыстан шығасыңдар деп ескерткен жоқ. «Қол қойыңдар» деп қағаз беріп жіберіпті. Оның өзі өткен күнгі мерзіммен. Бізді жұмыстан шығарып жіберді. Енді оның есебін де, жалақымызды да бермей отыр. Сұрасақ, «білгендеріңді істеңдер» дейді.

«Білгеніңді істеп ал» деген басшылар бұл жолы да құрылысшылармен кездеспеді. Кеңсесін іштен жауып алған. Адал ақысын сұрай келгендермен тілдесуге құлықсыз. Сондықтан жиналғандар базынасын арқалап Алматы әкімдігіне барды. Ал әкімдіктегілер Медеу аудандық әкімдігіне жол сілтеді. Осылайша күні бойы сабылған жұртты кешқұрым аудан әкімі қабылдап, құрылысшылардың дауы еңбек инспекциясы мен прокуратураның бақылауында болатынын жеткізді.

Сұлтанбек Мәкежанов, Медеу ауданының әкімі:

- Компанияның акционерлеріне хабар бердік. Олар «білеміз, шешеміз» дейді. Сұрайтыным, арыз жазыңыздар. Біреу екі ай біреу бір ай шығар. Бәрін жазыңыздар. Сосын бір сағаттың ішінде шешім қабылдаймыз.

Енді жұмысшыларын жылатқан компанияның мәселесін құзырлы органдар майшаммен қарайды. Өйткені мердігер мекеме айлықтан бөлек, құрылысшыларға зейнетақы аударымдарын да жасамаған. Сондықтан еңбек инспекциясы кешенді тексеріс жүргізбекші. Ал бұған дейін Айсұлу деп аталатын тұрғын үй кешенінің атауы Үшқоңыр деп өзгертіліп, қызу құрылыс жүріп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде