{metadescription}
Пластик қалдығы мәселесін шешудің үш түрлі жолы ұсынылды
Пластик қалдығы мәселесін шешудің үш түрлі жолы ұсынылды

Пластик қалдығы мәселесін шешудің үш түрлі жолы ұсынылды

Елімізде жаңа экологиялық кодекс жазылады. Сонымен бірге пластикті қолдану стандарттары жасалмақ. Пластик қалдықтармен үлкен күрес бастаған мамандар осындай шараны қолға алды. Себебі, жыл сайын қолданылатын 15 миллион целлофан пакет табиғатқа үлкен зиян келтіруде. Ал Қытайдан тонналап келетін полиэтилен пакеттерді шектейтін мүмкіндік әзірге жоқ. 

Қазақстанда былтыр 481 мың тонна пластик қалдық жиналған. Соның  үш пайыздан астамы ғана қайта өңдеуге алыныпты. Қоғам белсенділері осыны үлкен мәселе ретінде көтеруге мәжбүр. Себебі, өздігінен ыдырап кетпейтін материал тұмса табиғатымызды аяусыз ластап жатыр. Ал биылдан бастап оны қоқыс полигондарына көмуге тыйым салынған. Енді мамандар мәселені шешудің үш түрлі жолын ұсынады.

Юлия Душкина, «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығының менеджері:

- Заңда нақты талап болмайынша, мәселе орнынан қозғалмайды. Сондықтан заңға өзгеріс енгізу керек. Екіншіден, жұрт пластиктерді жинап, бір жерге өткізейін десе, инфрақұрылым жеткіліксіз. Үшіншіден, халықтың өзін әлде де ақпараттандыру керек.

Пластиктің ішінде көзге қатты шалынатыны – полиэтилен пакеттер. Тиісті министрлік оның орнына биологиялық ыдырайтын қалталарды қолдан деп сауда орындарын үгіттеумен әлек. Дүкендерге жыл сайын Қытайдан тонналап келетін полиэтилен пакеттерін арзан бағамен сатып алған тиімді. Ал ол импортты шектеу мүмкін емес.

Елдос Абақанов, Қазақстандағы экологиялық ұйымдар ассоциациясы басқарма төрағасының орынбасары:

- Ондай шектеу қойғанмен, ол нарық қой. Мысалы, ол стандарттарға сәйкес болса, әр полиэтилен пакеті болсын, оның арнайы техникалық стандарты болады. Біріншіден – адам денсаулығына зиян келтірмеу. Егер ол стандарттарға сәйкес болса, қандай тыйым болуы мүмкін?

Пластик қоқыстармен күресте қалдықтарды түріне қарай топтап жинаудың маңызы зор. Себебі, қатты, құрғақ қалдықтардан пластикті іріктеп алу оңайға соғады, әрі қайта өңдейтін кезде де таза шикізат алынады.

Қаладағы бүкіл қоқыстарды қабылдап, сұрыптап және қайта өңдеумен айналысатын жалғыз кешенді зауытта күніне шамамен мың тоннадай қоқыс келеді. Соның ішінде шамамен 15 пайызы ғана пластик қалдықтардан тұрады. Сол 15 пайыздың шамамен 7-8 пайызы қайта өңделеді де, қалғаны дайын шикізат күйінде басқа өңдеу зауыттарына арзан бағамен сатылады. Арзан болатын себебі, шикізат сапасыз. Себебі, тұрғындар қоқыстарды бөлек-бөлек жинамайды. Соның кесірінен үйілген қоқыстың арасынан пластикті бөліп алу оңай шаруа емес. Оның бәрі қолмен жасалатын шаруа. Ал іріктеп алынған пластик заттар таза өнімге айналады.

Елімізде қоқыс сұрыптаумен 70-ке жуық компания айналысады. Ал қайта өңдеушілер қатары 15. Бұл тым аз. Аз болатын себебі, сұрыпталған шикізат көлемі аз. Оның үстіне бизнес үшін тиімсіз дейді мамандар.

Дуслан Ахметов, қоқыс жинаушы компания басшысы: 

- Бизнеске өте тиімсіз. Себебі шығыны көп. Керекті құралжабдықтар шетелден алынады. Ал оның бәрін жабатын кіріс аз. Ол үшін тұрғындардың қоқыс шығаруға төлейтін тарифін көтеру керек. Ал бізідң халық ондай тарифке әлі дайын емес.

Әзірге қолдан келгені, еліміз жаңа экологиялық кодекс жасап, мамандар ұсыныстарын енгізіп жатыр. Заңды тұлғаларға қатысты пластикті қолдану стандарттарын жасау да жоспарланып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде