Қарағандыда бес көлік соғылған жол апатынан комада жатқан келіншек қайтыс болды
Қарағандыда мас күйінде көлігімен бес машинаны соққан жүргізушіге қатысты жаза күшейтілетін болды. Себебі, өткен түнде сол апаттан зардап шегіп, екі апта ес-түссіз жатқан 29 жастағы келіншек жан тапсырды.
06.11.2019
Талғат Жүкен, травматолог:
- Омыртқасындағы ісік үлкейіп, ми жарақаты да асқынып кетті. Беті бері қарамады. Бұл әзірге біздің қорытындымыз. Сотмедициналық сараптама нақты себебін анықтайды.
Науқас 20-шы қазан күні жансақтау бөліміне жол апатынан кейін жеткізілген. Сол күні ол аулада тұрған көліктің ішінде танысымен отырыпты. Лексусты удай мас күйінде тізгіндеген Серікбол Сәрсенов алдымен келіншек отырған көлікті соққан. Кейін тағы төрт көлікті бүлдірді. Ладада отырған 25 жастағы жігіт жеңіл жарақат алса, келіншек комаға түскен. Ауладағы көліктерді тас-талқан еткен азаматтың астық өңдеп, ұн шығаратын компания қожайыны, 49 жастағы Серікбол Сәрсенов екені анықталды. Ол алғашында көлігінен шығудан бас тартқан. Полицейлерге қарсылық көрсетіп, әбден қиғылық салды. Кейін оқиға орнына Сәрсеновтің екі ұлы келіп, әкесін полицейлерден алып кетпек те болды. Қалталы отбасының мүшелерін полицейлер сол кезде әрең сабасына түсірген еді. Ертеңіне отағасы екі айға тергеу абақтысына жабылса, полицейлермен ерегіскен екі ұл әкімшілік жазаға тартылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!