Ақтық сапар: Әріптестері Рая Мұхамедиярованы өз деңгейінде бағалай алмадық деп өкінеді
Алматыда Рая Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салды. 80 жасында дүние салған актриса Кеңсай зиратына жерленді. Қожаның Майқанова апайымен қоштасу рәсімі өзі ұзақ жылдар қызмет еткен балалар және жасөспірімдер театрында өтті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
07.11.2019
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға жақындары, достары мен әріптестері келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Рая Мұхамедиярова кино әлемінде де, театр сахнасында да талантымен талайдың таңдайын қақтырған актриса. Ол 80 жылдық ғұмырында 30-ға жуық фильмге түсті. Әсіресе қазақ киносының бойтұмары «Менің атым Қожа» туындысындағы Хадиша Майқанова рөлі арқылы көрермен сүйіспеншілігіне бөленген. Ал театр өнеріндегі төлқұжаты Ұлпан рөлі болды. Актриса осы шығарманың авторы Ғабит Мүсіреповтің жары болған. Өкінішке қарай, 37 жас айырмашылығына қарамай құрған шаңырақтары сегіз жылға жетпей шайқалып, жолдары екіге бөлінді. Олардың Гауһар мен Гүлнәр есімді қыздары бар. Рая Мұхамедиярова 2002-ші жылға дейін театрда қызмет етіп, тек соңғы уақытта өнер әлемінен оқшау өмір сүрді. Әріптестері марқұмды көзі тірісінде өз деңгейінде бағалай алмадық деп өкінеді.
Роза Әшірбекова, ҚР Халық әртісі:
- Кинода да, театрда да істеген актриса еңбек сіңірген әртіс болып қана қалды. Ол лауреатқа да иегер болар еді, ол Қазақстан халық әртісі болуға да көп еңбек етті, шынын айтқанда. Сондықтан өз бағасын ала алды деп айта алмаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!