Картадан картаға онлайн ақша аударатындар тексеріледі
Аударымнан да ақша ұстайды. Қаржы министрлігі картадан картаға онлайн ақша аударатындарды тексеруге кіріспек. Сол арқылы салықтан жалтарып жүрген саудагерлер мен басқа да кәсіпкерлерді анықтамақшы. Бірақ сатушылар оған үзілді-кесілді қарсы. Ал Қаржы министрлігі осындай аударымдардың кесірінен бюджет қыруар қаржыдан қағылып жатыр деп дабыл қағады.
Автор: Ербол Тұрымбет
07.11.2019
Қаладағы ең танымал әмбебап сауда орындарының бірі. Мұнда келгендер кез келген сатушыдан зат алған кезде не қолма-қол, не онлайн ақша аударымымен саудаласа береді.
Әмиянда ақша бітіп қалса, бас қатырып керегі жоқ. Жазылып тұрған телефон нөмірлері соны білдіреді. Бірақ енді сол ақша аударымынан салық ұстайды дегенге сатушылар қырын қарайды.
Бақытжан Елібаев, сатушы:
- Мысалы күніне 50 адам келсе, оның 1520-сы онлайн аударады. Оның әрқайсысынан бізден пайыз ұстап қалатын болса, ол бізге әрине, ыңғайсыз болады.
Себебі, күн сайын 15, айына 500 адам ақша аударса, оның әрқайсысынан салық ұстаса, біраз кірістен қағылатынын жақсы біледі. Сатушылармен осындай оңай тәсілмен сауда жасайтын сатып алушылардың да бұл жаңалыққа бүйрегі бұрып тұрған жоқ.
Валентина Әділбаева:
- Әрине, қарсымын. Өйткені менің ақшам менде болуы керек. Мен неге оның шетінен бөліпжарып беруім керек? Сондықтан мен қарсымын, қолдамаймын. Еш қолдамаймын. Аударым, смс, әрине пайдаланамын. Тиімді. Егер базарға келсем, егер салық ұстайтын болса, тиімді емес.
Ал егер біреу біреуге коммерциялық мақсатта емес, көмек ретінде ақша аударса ше? Айталық, анасы оқудағы баласына ақша жіберді делік. Оны коммерциялық операциядан қалай айырады? Қаржы министрлігі енді соның жолын таппақшы.
Берік Шолпанқұлов, ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары:
- Бүкіл аударымдардан салық ұстап қаламыз деген сөз емес. Егер бір туысыңызға көмек ретінде ақша жіберсеңіз оның бәрі қарастырылады. Яғни, қайсысы жәй аударым, қайсысы сауда төлемі екенін салық органдары анықтап алады.
Қаржы министрлігінің бұл бастамасын сарапшылар да қолдап отырған жоқ. Өйткені адамның келісімінсіз оның жеке мәліметтеріне қол сұғушылық болуы мүмкін.
Бота Жұманова, экономика сарапшысы:
- Яғни менің келісімімсіз менің төлемдерімді қарайды деген сөз. Ал ондай карта иелері бізде 10 миллион адам. Осындай шараның кесірінен жұрт қаржы жүйесіне деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Өйткені бұл банктік құпияны жариялаумен тең.
Ал министрлікті тыңдасақ, осындай онлайн ақша аударымдары сауда орындарында көп жүреді, бірақ, одан еш салық ұсталынбайды. Бюджет қыруар қаржыдан қағылып жатыр. Оның үстіне бұл саудадағы барып тұрған заңбұзушылық дейді. Сондықтан министрлік енді ешкімнің құпиясына қол сұқпайтын, көмек ретіндегі ақша аударымдарынан салық ұстамайтын, яғни өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын жол табуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!