Талдықорғанда такси жүргізушісінің тамағын пышақпен осып жіберген
Талдықорғанда такси жүргізушісінің тамағын пышақпен осып жіберген қаскөйлер ұсталды. Бұл іске олар «Ауди-100» автомашинасын ұрлау үшін барған. Белгілі болғандай, көлікке бола кісі өлтіруден тайынбағандар кілең 18-дегі жігіттер екен.
08.11.2019
Оқиға түнде болған. Қаскөйлер бала-шаға қамымен дәмханаларды маңайлап жүрген таксилердің біріне отырған. Қала шетіне жете бергенде көлікті тоқтатуын талап етіпті. Артынша қалтасынан пышақ шығарып, жүргізушіні тамағынан осып жіберген. Абырой болғанда күре тамырға тимей, 23 жастағы такси жүргізушісі аман қалды. Тәртіп сақшылары көлікке бола кісі өлтіруден тайынбағандарды із суытпай қолға түсірді. Екеуінің де жасы 18-де. Жас жігіттер көлікті бөлшектеп сатпақ болғанын айтады. Ал тірі қалған таксистің шиеттей үш баласы бар. Кішкентайы небәрі жеті айлық.
Серік Үпиев, Алматы облысы полиция департаменті ресми өкілі:
- Екі пышақтың біреуі оқиға орнынан табылса, біреуі күдіктілердің қалтасынан шықты. Екі күдікті де 2001ші жылы туылған, Сарқан ауданынан шыққан азаматтар. Оның бірі бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!