Елорда әкімдігі автопарктерге бірнеше ай бойы субсидия аудармаған
Жолақыны 200 теңгеге көтеру керек. Шығынға батқан елорда тасымалдаушылары қала басшылығына осындай талап қойып отыр. Олар қала бюджетінен берілуі тиіс субсидияны соңғы үш айда алмаған. Әкімдіктің тасымалдаушылар алдындағы қарызы қазір 6 миллиард теңгеге жуықтаған. Ал әкімдік өкілдері ешқандай мәселе туындап тұрған жоқ, жолақы қымбаттамайды деп жұртты сендіргісі келеді.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.11.2019
Қала әкімдігінің автопарктерге субсидия аудармағанына осымен төртінші айға қарап барады. Автопарктер алдындағы қарызы 5,8 миллиард теңге. «Жағдай осылай жалғаса берсе, не жабылып тынамыз, не жолақыны 200 теңгеге көтереміз, - дейді автобус паркінің басшылары.
Бауыржан Тілеубергенов, Нұр-Сұлтан қаласы №3 автобус паркінің директоры:
- Осымен төрт ай болды, ақша алмадық. Қашан беретінін бір Алла біледі. Бере ме, бермей ме, күтіп отырмыз. Егер ертең бүкіл қоғамдық көлік тоқтап қалса, қаланың ішінде не болатынын өзіңіз білесіз, содан қорқып отырмыз. Жол ақысын, әрине көтергіміз келеді. Бірақ оның шешімін әкім ғана шығарады.
Қазір бас қаладағы жолақы 90 теңге. Оны қоғамдық көлік картасымен төлеу керек. Егер қолма-қол төлесе – 180 теңге. Бұл тариф осыдан жеті жыл бұрын бекітілген. Содан бері нарық бірнеше қымбатшылықты бастан өткерсе де, жолақы сол күйінен өзгермеген еді. Енді бұл жаңалық жолаушыларға түрпідей тиді.
Гүлшат Еңсебаева, мұғалім:
- Ойлаңыз, аптасына сіз қанша күн сабаққа барасыз, арыбері жүресіз. Бір күнде 400 теңге төлейсіз, оны бес күнге көбейтіңіз. Бір айда төрт апта бар, соған көбейтіңіз, қанша ақша шығады?!
Бақытжан Ыбыраев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Егер қала әкімдігінен субсидия берілмесе, қарапайым халықтың қандай кінәсі бар?! Субсидияны тоқсан сайын бөлген кезде... Мәслихат сессиясы болады, соны дұрыс бақыламаған. Халықтың бұл жерде қатысы жоқ.
Ал қала басшылығы қымбатшылыққа жол берілмейтінін айтып, бәрімізді сендіріп әлек – ешқандай жолақыны көтеру туралы әңгіме жоқ. Тариф көтерілетін жағдайдың өзінде ол бір-екі күнде шешілетін шаруа емес.
Әлия Жарқынбекова, «Астана LRT» қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері:
- Кеше осындай жаңалық шықты, 200 теңгеге көтеріледі деп, қарастырылуда деген. Қоғамның ішінде шу да тудырды. Ол ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені тарифті көтеру үшін алдымен арнайы процедуралардан өтуіміз керек. Алдымен мәслихатта талқыланады. Сосын қоғамдық талқылаудан өтуі керек.
Қалай дегенде де «жолақы 200 теңге болады» деген сөз жәйдан-жәй шықпағаны белгілі. Автопарк басшыларының айтуынша, қазір жолақының өзіндік құны 189 теңге тұрады. Үстіндегі 10 теңге – табыс. Сондықтан әңгімені өршітпей, ошағында өшіруге әкімдік автопарктермен арадағы субсидия мәселесін тез арада шешуі тиіс. Әйтпесе қала басшылығына қалың бұқарамен есептесуіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!