Қазақтар бизнесті қалай жүргізеді? Қоянбаев Арктикаға аттанбақшы
Қазақтар Солтүстік полюсте фильм түсірмекші! Әлемнің әр мемлекетінде қазақтардың бизнесті қалай жүргізетінін көрсетіп жүрген продюсер Нұрлан Қоянбаев комедияның жалғасы Арктикада түсірілетінін айтты. Ал көпшілік тағатсыздана күткен «Бизнес по-казахски в Корее» фильмі жақында прокатқа шығады. Су жаңа комедияның трейлері әлеуметтік желілерге тарап кетті.
Автор: Аруна Ортай
12.11.2019
Көрерменге ұнап үлгерген «Бизнес по-казахски» комедиясының Кореядағы жалғасы. Фильм сюжеті бойынша қонақ үй иесі Жомарт Қанатұлының адам тәрізді роботы болады. Алайда оны қол астында істейтін туыстарының бірі байқаусызда бұзып алады. Қымбат техниканы жөндетуге бизнесмен Кореяға аттанады. Қайда барса да бүкіл туысын жанына ертіп алатын басты кейіпкер мұнда да небір қызыққа тап болады.
Комедияда Рамазан Амантай, Жан Байжанбаев, Гүлназ Жоланова, Дариға Бодықова, Қажет Смағұл ойнайды. Бұл жолы олардың қатарына Дильназ Ахмадиева мен «91» тобының әншісі Эйс қосылған. Кино түсіруге шетелге аттанған топ бір айға жуық үй бетін көрмей жүріпті.
Нұрлан Қоянбаев, актер, продюсер:
- Басқа продюсерлер сияқты, басқа кинокомпаниялар сияқты ақшаны үнемдеп, бір ауылға барып түсіре салмаймыз, ол алдағанмен тең. Арамызда әңгімелесеміз ғой, «қалай болды?» деп. Ұжымның әңгімесіне қарағанда, енді Африкадан екі есе күшті деп айтып жатыр. Сондай күштілігі бар дейді. Оны енді халық шешеді.
Бұған дейін Нұрлан Қоянбаев «Бизнес по-казахски» комедиясын Америкаға, Африкаға барып түсірген. Күлкіге қарық болған көрермен Қоянбаевқа енді «Антарктидаға барып түсір» деп қалжыңдаған. Бірақ Қоянбаевты бұл қалжыңды шынымен іске асырмақ.
Нұрлан Қоянбаев, актер, продюсер:
- Жалпы, Африка қалай болды? Дәл солай маған инстаграмға жазатын, «Нұрлан, Америкаға бардың, енді Африкада түсіресің бе?» деп. Қалжыңдайды әрине. Енді Антарктида деген қалжың шықты. Бұйырса, біз қазір Аляскадағы өкілдермен сөйлесіп жатырмыз. Швеция арқылы Арктикамен сөйлесіп жатырмыз. Яғни, «Бизнес по-казахски в Арктике».
Солтүстік полюске актерлер келесі жылы кетіп қалуы мүмкін. Ал әзірге продюсер «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясының тұсаукесеріне дайындалып жатыр. Кино 26-желтоқсаннан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!