Назарбаев Путин мен Зеленскийді бетпе-бет кездестіргісі келеді
Назарбаев Путин мен Зеленскийді бетпе-бет кездестіргісі келеді. Бас қалада өткен «Астана клубының» отырысында Елбасы Украинадағы жағдайға да назар аударды. Себебі, Шығыс Украинада бейбітшілік орнағанын бәрі қалайды. Бірақ мәселені шешуге келгенде өзге күштер араласып, ол керісінше, тежеу болып тұр. Бұл екінші күн қатарынан өткен «Астана клубы» форумында сөз болған үлкен тақырыптардың бірі ғана.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.11.2019
Қонақтар Назарбаев орталығының ерекше құрылысына тамсанды. Жиында жаһанның келелі мәселесі сөз болып жатса да, телефонына түсіріп әлек. Бір кездері совхозының картоп егістігі болған жерде отырғанын көбі біле бермес. Есесіне, Елбасы оларға әлемді алаңдатқан ядролық қарудан қалай арылудың жолын ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті:
- Біз әлемде ядролық қарусыздану мен таратпаудың күн тәртібін ілгерілету үшін беделді жаһандық алаң құруға деген сұраныс артып отырғанын көріп отырмыз. Осыны ескере отырып, мен ядролық қарусыз әлемге жаһандық көшбасшылар альянсын құруды бастама көтеру керек деп санаймын.
Қатысушылар АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық текетірестің өршуіне де қарсы.
Ли Вэй, Қытай халық саяси кеңесі конференциясы комитетінің төрағасы:
- АҚШ пен Қытай экономикасы әлемдегі алғашқы екі орынды иеленеді. Сондықтан әлем экономикасының дамуы біздің арақатынасымызға байланысты екенін жақсы түсінеміз. Бірақкедергілердің бәрі АҚШ тарапынан болып тұр. Қазір келіссөздердің 13 раунды өтті. Нақты құжатқа қол қойылмаса да келісімнің ауылы алыс емес.
Ал іргедегі Украина мен Ресей мәселесіне байланысты Назарбаев Путин мен Зеленскийді бетпе-бет кездестіргісі келеді. Себебі, Украинаның шығысында бейбітшілік орнағанын екеуі де қалайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті:
- Ал Путин бұны қаламайды деп ойламаңыз. Ол сонда бейбітшілік орнағанын қалайды. Ресейге бұл аумақтардың қажет емес екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Мүлдем басқа. Ресей әскери құрылымдары басқа себептерге байланысты болды. Мен Зеленскийдің бетпебет кездесуге келісімін алдым. Бұл туралы Ресей президентіне хабарладым. Енді көрейік.
Бұл шиеленіске әлем онсыз да алаңдап отыр. Жағдай ушыға берсе, не болмақ? Алаңдатып отырған ол ғана емес еді. Күн ашық болса да, төбедегі күркіреген дауысқа қатысушылар елеңдей берді. Ғимараттың төбесіндегі еріген қар сырғанап түсіп жатқан еді. Назарбаев оларды сабырға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті:
- Біздің антиядролық саясатымыз үшін мемлекетімізді құрметтейді, біз антиядролық қозғалыстың көшбасшысымыз, көріп отырсыздар... Бұл Норман Фостердің жобасымен жасалған, әйнек жылынып, қарды түсіреді. Бізге, бәрімізге бұл қалыпты жағдай, рақмет.
Елдестірмек елшіден. Әлемге бейбітшілік ұранын тастау – бір, оны іске асыру бөлек іс. Оған жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы:
- Әлем сондай, қол қусырып отыра бермеуіміз керек. Бәріміз жұмылып жұмыс істеуіміз қажет. Бір нәрсе жасау керек. Келесі кездесуді ұйымдастыру қолымыздан келсе, біз осы альянсты, бейбітшілік үшін күресте жаһандық көшбасшылар альянсын құрсақ, бұл өте жақсы болар еді. Саусаламат болыңыздар. Таяу арада кездесеміз деп үміттенемін, сіздерге жазып тұрамын.
Ядролық қарусыздану, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық шиеленістің тездетіп шешілуі бәріне керек. Бірақ Қазақстанға маңызы жоғары мәселенің қатарында Ресей мен Украинаның арақатынасы да бар. Назарбаев мәселені шешуге АҚШ немесе Батыс Еуропаны араластыруға қарсы. Ал қос президенттің кездесуіне бейтарап алаң ретінде елорданы ұсынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!