Шу қаласында былығы жайылған шағын орталық жабылмайтын болды
Жамбыл облысындағы Шу қаласында дау туғызған шағын орталық ақыры жабылмайтын болды. Білім басқармасының мәліметінше, оған еш негіз болмаған. Ал бұл бастаманы мектеп директоры әкімдіктің шешімі шықпастан өзі көтерген боп шықты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
12.11.2019
Енді аталмыш әрекетіне мектеп директоры жауапқа тартылмақ. Тіпті аудандық білім бөлімі басшысына да шара қолданылады дейді шенеунік.
Шу қаласындағы шағын орталық «жабылады» дегенді естіген 11 қызметкер шу шығарған. Олар қысқартуға ұшыраймыз ба деп уайымдады. Ал мектеп басшысы оқушы саны артып, кабинеттің жетіспеуінен шағын орталықты қысқартамыз деген болатын.
Ашынған топ білім ошағындағы былықтарды жайып салған еді. Олар директор мен оның орынбасары жұмысқа адамдарды ақшамен қабылдағанын ашық айтқан. Осыдан кейін директордың орынбасары лауазымынан босатылыпты. Дегенмен істі жай қалдырмаймыз дейді білім басқармасындағылар. Олар пара алды деп айыпталған педагогтардың ісімен құзырлы орындар айналысатынын айтты.
Саясат Есеев, Жамбыл облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Мектеп директоры бұл ақша алу дерегін растамай отыр. Сондықтан біз бұл фактілердің барлығын құқық органдарына жолдадық. Тиісті шешімі тексеру жұмыстарынан кейін анықталатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!