Әсел! Алматы шыңына жалғыз барып, сол күйі оралмай жатыр
Тауға кетіп із-түссіз жоғалған алматылық қыз әлі табылар емес. Қазір 26 жастағы Әсел Панарғалиеваны полицейлер қаладан іздеп жатыр. Ал таулы аймақтағы іздеу шараларын құтқарушылар бүгін еріксіз тоқтатып қойды. Өйткені Әселдің жақындары осындай өтініш білдірген болатын. Бірақ уайым кешкен отбасы бірер сағат бұрын құтқарушылардан іздеу жұмысын қайта жалғастыруды сұрапты. Әсел өткен сенбіде Үлкен Алматы шыңын бағындыруға жалғыз барып, сол күйі қайтып оралмаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
12.11.2019
Қыздың туыстары оны әлдебіреулер ұрлап кетіп, күшпен ұстап отыруы да мүмкін дейді.
Әселдің тауға барғанда жариялаған видеосы. Ол Үлкен Алматы шыңын бағындыруға өткен сенбіде кеткен. Әрі қыз жалғыз болыпты. Арманындағы биіктікке көтерілген ол бейнежазбада шексіз қуанышты екенін жеткізеді.
Осыдан кейін Әсел ұшты-күйлі жоқ. Республикалық жедел құтқару жасағы оны іздеуге кірісіп, кинологтар да ат салысты. Құтқарушылар тауда қар жауып, ауа райының қолайсыз болғанын айтады. Соған қарамастан қараңғыда да іздеуді жалғастырған. Алайда бүгін қыздың туыстарының өтінішімен жұмысын тоқтатты. Тек бірер сағат бұрын қайғыдан қан жұтқан отбасы құтқарушылардан іздеу шарасын қайта жалғастыруды сұрапты. Олар Әселдің Үлкен Алматы шыңына жалғыз барғысы келмегенін айтады. Негізі тауға бірге көтерілеміз деп алдын ала 10 адам келіскен. Бірақ қалғаны қызға айтпай кетіп қалған.
Маржан Ізғали, Ә. Панарғалиеваның туысы:
- Телефонның сигналымен ізіне түстік. Соған сәйкес, ол сенбі түнгі 11ге таман қалада болған. Бірақ, ол Әсел болмауы да мүмкін. Телефон өшірулі болды, жай ғана сигнал байқалды. Ол өте сабырлы, тәртіпті қыз. Не болғанын түсінбей отырмыз.
Әбден шатасқан жақындары оның телефоны қолды болуы мүмкін дейді. Әселдің өзін де әлдебіреулер ұрлап кетіп, күшпен ұстап отыр деп те қауіптенеді. Қазір жоғалған аруды полицейлер қаладан іздеп жатыр. Шараға 50-ден аса тәртіп сақшысы жұмылдырылды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Бұл азаматшаның өмір салтын жіті талдап, бақыладық. Қандай адамдармен араласқанын, қай жерге баратынын, барлығын есепке ала отырып, қазір іздестіру жұмыстары сол қаланың аумағында жүргізілу үстінде.
Әзірге еш нәтиже жоқ. Ал бүгін іздеу шарасын еріксіз тоқтатып қойған құтқарушылар қыздың Үлкен Алматы шыңын бағындыруға дайындықсыз кеткенін алға тартады. Сондықтан егер ол тауда жоғалса, аман қалуы екіталай көрінеді.
Павел Воскобойников, Республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
- Менің ойымша, қыз шыңға көтерілуге дайын болмаған. Себебі, таудағы ауа райы қазірдің өзінде 15-ке дейін жетеді. Биіктікте қатты жел есебінен одан да суық болады. Ал ол үстіне жеңіл күртеше кие салған. Мұндай жағдайда аман қалу үшін өте тәжірибелі болу керек. Орманға түсіп, от жағып, желден барынша тығылу қажет. Бірақ ол қызда мұндай тәжірибе жоқ.
Құтқарушылар таудағы іздеу шараларын ертең қайта жалғастыратын болды. Әселдің жақындары үмітін үзбейді. Ал оны көргендер болса, дереу хабар беруін сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!