{metadescription}
Алматының Наурызбай ауданындағы 10 үй қоршауда қалды
Алматының Наурызбай ауданындағы 10 үй қоршауда қалды

Алматының Наурызбай ауданындағы 10 үй қоршауда қалды

Бір сотығы - 1 жарым миллион теңге! Алматыда бір топ тұрғын үйімізге емін-еркін кіру қиындады деп шағымданды. Көше түсетін жерді құрылыс компаниясы қоршап алып ақшаға саудалағаны жұрттың ашуын одан бетер туғызған. Жергілікті билік бұл мәселемен бас қатырғысы келмей, сотқа жүгініңдер деп отыр. Қоршауда қалып, ұнжырғасы түскен жұрттың базынасын КТК тілшісі тыңдап қайтты.

Баспанасына кіріп-шығуы қиындаған Наурызбай ауданының жұрты жанайқайын жеткізуге түгел жиналды. Аудан орталығынан орын тепкен 10 үйдің тұрғындары айдалада қалғандай күй кешуде. Бұл жерге жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер де жете алмай, халықтың әбден берекесі қашқан.

Әбубәкір Тәжімбетов, Алматы қаласының тұрғыны: 

Бір нәрсе кіретін көлік керек. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер деген бар. Жол бұл жерге түсуі керек. Балаларымыз мектепке бара алмайды. Бас жоспарды сатқан адамдар да жол бұл жерге түсу керек деп айтты.

Үйлердің алды бой көтеріп тұрғындар қоныс тойын тойлай бастағанда бұл көшені құрылыс компаниясы темірмен қоршап тастаған. «Қамауда қалдық» деп шулаған жұртқа олар бір сотық жерді 1,5 млн теңгеге сатып алыңдар депті. Алайда тегін жерге ақша беруден бас тартқандар көшені даулап, шенеуніктерге талай мәрте шағымданыпты.

«Бірақ атқамінерлер үйлеріңе тікұшақпен қоныңдар деп мазақ қылды», - дейді наразы топ. Көше түсетін жердің қоршалғаны кірпіші қаланған баспаналардың құрылысын да тұралатып тұр екен. Ең сорақысы, «жердің иесіміз» деген компания үйдің айналасына арматуралар қадап, жұрттың зәре-құтын қашырған.  

Арыстан Мұқашев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мынау менің үйім. Жердің иесіміз дегендер өткен жылы ғана пайда болды. Біз үй салып жатқанда біреуін көрмедік. Арматура қадап кеткені тіптен басынғандық. «Тимусконстракшн» деген компаниямен алысып шаршадық.

Көп ұзамай, әкімдік өкілі де төбе көрсетті. Көшеге жарымаған қараша шенеунікті сан сауалмен түтіп жей жаздады. Өзін сабырлы ұстаған бөлім басшысы мәселені айғай-шусыз шешуге шақырды.

Данияр Садықов, Наурызбай аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы:

- Бас жоспарды бір қарау керек. Нақтысын. Жол қарастырылған ба, қарастырылмаған ба? Бұл жағдай неден туындағанын анықтау керек. Сондықтан тұрғындарды шақырып, құзырлы орган мен компания өкілдерін де шақырып, бір келіссөзге келетін шығармыз. 

Әкімдіктегілер әу бастан жерді «кім үлестіргенін білмейміз» деп отыр. Ал олардан күдерін үзген тұрғындар бірауыздан сотқа жүгініпті. Енді ол жерде әділдік орнамаса, наразы жұрт арыз-шағымын қала әкіміне жолдаймыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.