Азат Перуашев: Табысын жасырған миллионерлерді бәрібір таппайсыздар
Онлайн ақша аударымынан салық ұстау бастамасына мәжілісмендер де қарсы шықты. Өйткені жұрт карточкамен төлейтін тауарға табыс салығы оған дейін де алынып қойған. Оған қоса елімізде «салық төлеуден жалтарды» деп жүрген миллионер кәсіпкерлердің үлесі «бір пайызға да жетпейді» дейді депутаттар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
13.11.2019
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Құрметті салықшылар, төлем карталары арқылы табысын жасырған миллионерлерді бәрібір таппайсыздар. Олар өз нанын өзі тауып жүр. Одан да миллиондап пара алып, миллиардтаған ақшасын оффшорға шығаратындардың ізіне түсіңіздер. Шенеуніктердің бюджет ақшасын оңдысолды шашуын доғарсын.
Қазақстанда карта ұстайтындардың басым көпшілігі «несиеге күн көріп отыр» деген Перуашев қазынаны толтыруға тиімсіздігін көрсеткен мемлекеттік бағдарламаларды азайтып, миллиондап пара алатындарды тезге салуға кеңес берді.
Қазір картадан картаға онлайн ақша аударудан салық алу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл жүйенің оңтайлы жолын үкіметтегілер әлі таппай отыр.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бірігіп жұмыс жүргізуде. Менің ойымша, қолмақол ақшасыз төлем жасау көлемі ұлғайса, бюджеттің кіріс бөлігі артуы керек. Бұл қалыпты жағдай. Себебі, ақша көлеңкелі экономикадан шығады. Сондықтан көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бағытындағы Үкіметпен бірлескен жұмыс қосымша табыс алу түріндегі оң нәтижесін көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!