Аршалыдағы судай жаңа кәріз желісі тұрғындарды тығырыққа тіреді
Елорда іргесіндегі Аршалы ауылында тұрғындар тұрмыстық қажеттігін өтей алмай отыр. Жаңадан орнатылған кәріз желісі жұмыс істемейді. Соның кесірінен құбырдан кері аққан лас су үйдің астына кетіп жатыр. Ал жуырда экологтар нәжісті полигонға төгуге тыйым салыпты. Енді тұрғындар кәріз құбырын тазалатудан қалған. Тығырыққа тірелген тұрғындардың шағымын тілшіміз тыңдап қайтты.
Автор: Серік Селеубайұлы
14.11.2019
Тұрғындар кəрізден аққан лас сумен алысып əлек. Жазда ғана қосылған орталық жүйенің «пайдасынан зияны көп» дейді олар. Қалдық су арнасынан асып, аулалар мен жертөлеге жайылған. Қолқаны қапқан қолаңса иіс қозы көш жерден сезіледі. Тұрғындар осындай жағдайда өмір сүруге мəжбүр.
Жағымсыз иістен бөлек, жиналған су іргетастың астындағы топырақты үңгіп барады. Көптен тазаланбаған шалшықтың бетіне мұз да қатып үлгерген. Бұл тек бір ауладағы жағдай емес. Орталық кəріз желісіне қосылған көрші үйлердің де хəлі де осындай.
Бұлан Давезұлы, Аршалы ауылының тұрғыны:
- Жертөлеге ағып жатыр. Не істейміз? Қайда апарамыз оны? Жазда мына тесіктен шыққанда люкті алып ашамыз, сорғызамыз. Күніне бес машина, алты машина сорғызамыз. Пайда жоқ. Бәрібір жанжақтан жиналады. Қиналып жүрген жалғыз біз ғана емес.
Бюджеттің 760 миллион теңгесіне салынып жатқан құрылыс биыл көктемде бітуі тиіс еді. Алайда аяқсыз қалған. Сот жауапсыз мердігерлерге жұмысын аяқтауды міндеттеген. Желтоқсан айында кәріз жүйесі толық дайын болуы керек. Ал құрылысты қабылдап алмайынша, әкімдіктің араласуға құқы жоқ.
Ғабдолла Ахметжанов, Аршалы ауылының әкімі:
- Ол құдықтарды біз тазалай алмаймыз. Егер құбырдың ажырап кеткен жерін ашып жөндесек, заң жүзінде біз кінәлі боламыз. Қазір қолымыздан келетіні – мердігерлердің жұмысты бітіруін күту. Тұрғындармен бірге біз де зардап шегіп отырмыз.
Бастапқыда тұрғындар арнайы техника жалдап жертөлеге жайылған суды аулаққа апарып төгіп жүрген. Жақында экологтар ол орынды да заңсыз деп тауып, лас суды төгуге тыйым салыпты. Бірнеше күннің ішінде кей жүргізушілер қатаң ескерту алып та үлгерген. Жақын маңда басқа полигон болмаған соң жұмыстары тоқтап тұр.
Рашит Талимов, кәсіпкер:
- Тазалағыш істемейді. Мынау орын, баяғыда совет үкіметі істеген орын, аурухана, өндірістік қалдықты төгу – бәрін жасаған. Енді бізге эколог келді. Жергілікті эколог рұқсат бермейді, көкшетаулық эколог рұқсат бермейді төгуге. Кісілер бізге хабарласып жатыр. Жұмыс істемейміз, тұрмыз. Не істейтінімізді білмейміз.
Орталық кәріз жүйесінен бөлек, жеке меншік үйлер де бұл техникалардың көмегіне жүгінеді. Ауылдағы балабақша мен мектептер де кәріз суын тазалата алмай отыр. Тығырықтан шығар жалғыз жол – жаңа құбыр құрылысының бітуі. Ал оның ауылы әлі алыс сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!