Ақтөбеде Тұңғыш Президент саябағы қараусыз қалды
Ақтөбенің қақ ортасындағы Тұңғыш Президент саябағы қараусыз қалды. Әкімдік демалыс орнын сенімгерлік басқаруға алған компаниямен келісімді үзген. Ал жұмысшыларын жаңа жылға дейін ақысыз демалысқа жіберіпті. Олар тіпті соңғы екі айдың жалақысын жарытып алмаған. Енді орталық саябақты тазартып қарап отыратын ешкім жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.11.2019
Ақтөбенің қақ ортасындағы саябақтың аумағы қырық гектар шамасында. Осыдан он жыл бұрын толық жөндеуден өтіп, Елбасының атына берілген болатын. Енді қараусыз жатыр. Жалғыз күзетшіден басқа ешкім жұмыс істемейді.
Бұрын саябақты жұмысшылар күніне бірнеше рет тазартып, айнадай жарқыратып қоятын. Екі аптадан бері еш жиналмаған.
- Мына қоқысты қараңыз, кім жинайды? Саябақтың Президент деген аты бар...
Осы уақытқа дейін Тұңғыш Президент саябағын қарауды әкімдік «Нұрлы парк» компаниясына тапсырған еді. Ондағылар жұмысшыларына жаздан бері айлық төлемей, ақыры жаңа жылға дейін ақысыз демалысқа жіберіпті.
Самат Қалымбаев, жұмысшы:
- Айлық ала алмай жүрміз. Бір алдында төрт ай ала алмай, мамырдан бастап зейнетқорға төлемей жатыр. Әрине, қиын. Күнде нан жеу керек қой. Балашағамыз бар, киіндіру керек. Тамақ, кредит бар.
Жұмыссыз қалған 25 адам не істерін білмей отыр. Әкімдіктегілер жұмысшыларға еш қатысымыз жоқ, ақшаны мердігер компаниядан дауласын дегенді айтады. Сондай-ақ, саябақты сенімгерлікпен басқарған сол серіктестікпен арадағы келісімді бұзған. Жаңа жылдан бастап басқасын іздемекші.
Рүстембек Омаров, Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Алдағы жылы қаңтар айында конкурс жарияланып, ашық конкурс нәтижесі бойынша мердігер мекеме анықталып, әрі қарай мердігер мекемелер күтіп ұстауға және қарау жұмыстарына берілетін болады.
Енді тендер өткенше, Тұңғыш президент саябақ қараусыз тұрады. Қоқыс үйіліп, болмаса қар жауса, қаладағы комуналдық мекемелерден қырық гектар жерді сыпырып, қардан тазартуды өтіне тұрармыз дейді шенеуніктер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!