Нұрлы жер! Қоныс тойынан күдер үзген бұқара шенеуніктерге сенуден қалды
«Нұрлы жермен» үй алмақ болған елордалық тұрғындар бүгін шу шығарды. Олар жарты жыл бұрын баспанасына қоныстануы тиіс болған. Алайда құрылыс жұмыстарының өнетін түрі жоқ. Қоныс тойын күтіп шаршаған бұқара шенеуніктерге сенуден де қалған. Салымшылардың жанайқайын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.11.2019
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының жатса да, тұрса да ойлайтыны – үй. Банкте ақшасын жинап, енді баспанаға қол жеткіземіз бе деп жүргенде, қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Өйткені маусым айында үйіне қоныстануы тиіс еді. «Бағдарлама мемлекеттікі болған соң, сендік», - дейді ашынған жұрт.
Нағашыбай Аманжолұлы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Біз оған сеніп отырмыз ғой, халық болып. Біз шілденің 13інде келгенде мына үйдің қабырғасы қаланбаған. Қараңыз. Біздің үйдің құрылысы шілденің 13і жиналғанда осындай болған. Сол қалпы тұр, еш өзгеріс жоқ. Барлық адам сарғайып күтіп, бәрі үй жалдап отыр.
Тұрғындар жаздың үш айында құрылысы тоқтап, күн суытқанда жұмысы басталған үйдің сапасына алаңдайды. Ішкі жөндеудің сиқын біз де көрдік. Асығып, атүсті жасай салған.
Ербол Санатұлы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Қабырғалары жарылған Төбедегі екі бетонның арасында сызат тұр. Көбікпен ғана жабылған. Ол ашық жатыр. Терезенің асты қуыс, жел аңырап тұр. Балконның есігінен кәдімгідей жел аңырайды. Осындай құрылыстың сапасына қатысты мәселе бар.
Шуласқан елордалықтардың дауын тыңдауға жергілікті әкімдіктен ешкім келмеді. Ал «түсірілім тобы келеді» дегенді естіген «КСМК» компаниясының өкілі сол жерден-ақ табыла кетті. Түрін көрсетуге жасқанып, аты-жөнін айтудан бас тартып, қаша жөнелді.
Құрылыстың тоқтап қалғанына қаржы тапшы болыпты. Әкімдік кейін ақша табылғанда, жұмыс күшін жеткізе алмай әлекке түскен екен. Алайда тілшілердің араласуы сол екен, мәселе де шешіле қалды. Құжаттар әзір болса, 225 адамның қоныстойын тойлайтын күні алыс емес.
Жан Мырзағали, Нұр-Сұлтан қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары:
- Жаз бойы құрылысшылар табылмай, Арыста, Түркістанда болды олар. Бүгінгі күні құрылысшыларды таптық. Жұмыстар істеліп жатыр. Қарашаның аяғына дейін жұмыстарды бітіреміз. Желтоқсанда актілерді жасасақ, тұрғындарға төлем қабілетін растау туралы құжат жасаудың керегі жоқ.
Халықтың аузын құрғақ шөппен сүртіп жүрген мердігер компания екінші кезектегі үйді қараша айының соңында береміз деп отыр. Бірақ баспанаға зар болып жүргендер құрылысқа жауаптылардың құрғақ уәдесіне күмәнмен қарайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!