Анатолий Шкарупа сотында қорғаушылар мен прокурорлар қырқысып қалды
Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаға қатысты сот ісі басталмай жатып, қорғаушылар мен прокурорлар айтысып қалды. Алғашында адвокаттар прокурорлардың ауысуын талап еткен. Кейін «іспен толық таныспадық», «сот процесі Нұр-Сұлтан қаласында өтсін», тіпті «қылмыстық іс тоқтасын» деген арызды қарша боратты.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
15.11.2019
Қорғаушылардың айтуынша, тергеу ісін астаналық прокурорлар жүргізген. Ал сот отырысында 115 томдық айыптау қортындысын қарағандылық прокурорлар жүргізуі «заңға қайшы» дейді. Және де қорғаушылар тергеу жағы істің 110 томын ғана бергенін айтты. Енді судья аталмыш арыздарға байланысты шешім қабылдауы қажет.
Энергетика вице-министрі Антолий Шкарупа өткен жылдың қарашасында қамауға алынған. Онымен қоса тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту қорының төрағасы Қайсар Байдалы және кәсіпкер Ерлан Нәбиев те ұсталды. Оларға Саран қаласындағы тұрғын үйлерге жылу есептегіш құрылғыларға бөлінген бюджеттің 215 миллион теңгесін жымқырды деген айып тағылған.
Анатолий Шкарупа 2014 -2017 жылдар аралығында Саран қаласы әкімі болған. Кейін Қарағанды облысы әкімі орынбасары қызметін атқарды. Экс шенеуніктің өзі тағылған айыптармен келіспей отыр.
Анатолий Шкарупа, сотталушы:
- Тергеу жүргізген астаналық прокурорлар сотқа да қатысуын талап етемін. Олар жеті ай бойы жүргізген 115 томдық істі қарағандылық әріптестері бірнеше күннің ішінде қалай зерттеп алды? Өзім іспен бес ай бойы таныстым және ақталып шығатыныма сенімдімін. Сол кезде тергеуді шала жүргізген прокурорлар жауапқа тартылуы керек деп есептеймін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!