Шымкентте ұялы байланыс антенналарынан ауру болдық деген шу шықты
Антеннаның әлегі! Шымкентте тұрғындар ұялы байланыс антенналарынан ауру болып жатырмыз деп шу шығарды. «Асар-2» шағын ауданына ұялы байланыс антеннасын қойған соң, сол маңда тұратын жұрттың басы ауырып, қан қысымы жиі көтерілетін болыпты. Геомагниттік толқындарды зерттейтін ғалымдар антенналар «түрлі дертке ұшыратады» деген соң, ел тіпті қондырғыларды алып тастасын деп отыр. Ал санитар мамандар мен антенна иелері басқа пікірде. КТК тілшісі тараптарды тыңдап келді.
Автор: Бек Әбиев
18.11.2019
«Асар-2» шағынауданында бірнеше антенна тұр. Бірақ соңғысы үйлердің ортасына орнатылған кезде елдің дегбірі қашқан. Маңайдағы тұрғындар басымыз ауырып, қан қысымы жиі көтеріліп кетіп жүр деп шағымданған. Түсірілім кезінде бір әйелдің қан қысымы көтеріліп, жедел-жәрдем шақыртты. Тұрғындар бәленің бәрі антеннадан екеніне сенімді.
Гауһар Әбішева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Антенна қосылғалы балаларда ауру басталды. Үлкен кісілер де жиі ауырады. Шағымданбаған жеріміз жоқ. Білмеймін, ешкім қолға алмай жатыр. Бұл жекеменшік компанияның қойғандары.
Мазасы кеткен соң санитар мамандарды шақырыпты. Олармен бірге әкімдік пен антенна тиесілі компания өкілі келген. Тексеруді бастағанда арнайы тексеру апараты шиқылдап, «өздері алаңдап қалды» дейді.
Меруерт Аязбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бөлмелердің бәрін тексеріп шықты. Сөйтті де, үндемей шығып кетті. Айтқан жоқ, бірақ аппаратынан дауыс шығып тұрды. Аппаратта «титтит» еткен дауыс шықты да, не болды, шиқылдап жатыр ғой дедім.
Ұялы байланыс антеннасы ғылыми тілмен айтқанда ретранслятор, тура жоғары кернеулі электр бағандарының жанында тұр. Бұл мұндағы жұртқа зиян екен. Геомагнитті толқындардың әсерін 20 жылдан бері зерттеп жүрген ғылыми институттың директоры Мүсәтіллә Тоханов антенна мен электр бағаналарының түбіндегі тұрғындар, ары кетсе, 8 жылда айықпас дертке шалдығады деп отыр.
Мүсәтіллә Тоханов, ғалым:
- Халықты қыру үшін дейді. Бұлардың бәрі адамға кері әсер етеді. Содан адам, біріншіден депрессиялық күйде болады. Мидың қатерлі ісігі болуы мүмкін. Одан кейін инсульт, инфаркт, оның да туу қаупі бар. Ол адамдарға кері әсер етеді. Азаматтардың еркектік қауқары әлсірейді, әйелге де зиян.
Ал СЭС мамандары ретранслятор мен оған жақын орналасқан үйлерді тексеріп, ешқандай зиян сәуле жоқ екенін анықтадық дейді.
Ералқасын Түктібаев, Қаратау ауданы тауарлар мен көрсетілген қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:
- Ол антеннаның кернеулігі 25 микроваттан аспайды. Ал үйлерді тексергенде 0,60,8 және біреуінде 4,1 мкрвт сантиметр кубтен аспайды. Бұл дегеніңіз, норматив 10 болатын болса, соның деңгейіне жетпейді. Яғни, ол жерде қауіпті ештеңе көріп отқан жоқпыз.
Кселл компаниясындағылар да ешқандай заңнан аттап отырғанымыз жоқ дейді. Яғни, антенна орнатпас бұрын, жұртқа қаупі жоқ екеніне көз жеткізіп барып қана қойғанын айтады. Сондықтан, келіспеген ел зияндылығын растасын да, сотқа жүгінсін деп отыр. Ал тұрғындар өз кезегінде үй маңындағы антеннарды алдыруға күресін соңына дейін жүргізбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!