5-20-25 бағдарламасына кім қатыса алады және оның шарты қандай?
Елімізде жеңілдікпен тұрғын үй алуға бағытталған тағы бір бағдарлама іске асырылады. «5-20-25» деп аталатын бағдарлама Үкіметте мақұлданды. Басты шарты – үйге мұқтаж жандардың табыс деңгейі болмақ. Оған кімдер қатыса алады? Жаңа тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай?
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
18.11.2019
«5-20-25» тек қана әскерилер, мемлекеттік және бюджеттік ұйымның қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы. Сондықтан аталмыш санатқа жататын азаматтар баспана кезегін күтпей, «үйлі боламын» деген арманын жүзеге асыра алады.
Жаңа бағдарламаның үміткерлері ең алдымен әкімдікте баспана кезегіне тұруы қажет.
Екіншіден, отбасының тұрақты табысы 92 мың теңгеге жетуі тиіс.«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашып, 20 пайыздық жарна төлеуі де міндетті. Баспана бес пайыздық жылдық мөлшерлемемен 25 жылға ипотекаға беріледі. Сондай-ақ, қатысушының иелігінде соңғы бес жылда үйі болмауы шарт.
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баспана қолжетімділігін арттыратын өзге де жобаларды таныстырды.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Баспана алудың ашықтығы мен біріңғай кезекте тұруды қамтамасыз етуге біріңғай республикалық база енгізілуде. Аталған базаның деректері кезекте тұрған адамдардың арасында тұрғын үйдің қолжетімділігін анықтауға пайдаланылатын болады. Бұл мемлекеттік қаражаттың тиімділігін қамтамасыз етеді.
Елімізде 526 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Министр енді оларды әлеуметтік топтарға бөліп, табыс деңгейіне қарай бөлуді жоспарлапты. Мәселен, кезекте тұрған жетім балаларға, 1-ші және 2-ші топ мүгедектерге, зейнеткерлерге сатып алу құқығынсыз баспана жалға беріледі.
Табысы жан басына шаққанда 30 мың теңгеден аспайтын азаматтар да жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Ал жалақысы 60 мың теңгеге жетпейтін көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға «Бақытты отбасы» бағдарламасы бұрынғыдай жүзе аспақ. Ал айлығы 92 мың теңгеден жоғары тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасы бар.
Жаңа бағдарламаның шарттары осы. Ал нақты қашан іске асатыны әзірге айтылмады. Үкімет оның графигін дайындап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!