Олеся Кексель! Талай жоғары лауазымды тұлғаларды тергеген атақты прокурордың өзі тергеуде отыр
Айып тағылған жоқ – тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елді елең еткізген Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты осылай пікір білдірді. Кезінде талай мықтыларды тергеп түрмеге отырғызған атақты прокурордың өз басына өткен аптада тықыр таянған болатын. Кексельдің өзін тергеуге кімдердің қатысы бар?
Автор: Ербол Тұрымбет
18.11.2019
Олеся Кексель – талай жоғары лауазымды тұлғаларды тергеп, түрмеге отырғызумен танылған белгілі прокурор. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, экс-премьер Серік Ахметов, Фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы болған марқұм Лариса Пак және ең ақыры Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев осы Кексельдің тергеуінен өткендер. Экс-прокурордың қандай жоғары дәрежелі қызметте болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Енді өзі тергеуде отыр.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бас прокуратураға өтініш түсті. Онда тергеудегі азамат түсінік беруге мәжбүрлеуге рұқсат етілмеген әдіс қолданғанын айтқан. Қазір Бас прокуратураның тапсырысымен тергеу басталды. Дегенмен оған қатысты айып тағылған жоқ, бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ.
Былтыр қарашада Энергетика вице-министрі Антолий Шкарупа бюджеттің 215 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. Аталмыш іске шатылған тағы бір күдікті Ерлан Нәбиев прокуратураға тергеу барысында «азаптады» деп шағымданыпты. Ал оны тергеп жатқандардың бірі – Кексель. Содан прокуратура өзінің бұрынғы қызметкерін тергеу туралы Ішкі істер министрлігіне тапсырма береді.
Кексельдің тергеу әдісіне шағым айтылып жатқаны бірінші рет емес. Кезінде экс-министр Қуандық Бишімбаев та тура сот үстінде шағым айтқан.
- Иә, мені Олеся Кекселге кездесуге адвокатсыз шақырған. Ол менің адвокаттарымның көз алдында болды. Олар растап береді. Дамир Бахытов кіріп келіп: «Олеся Кексель сізбен бетпебет сөйлескісі келеді» - деді. Міне, сондай кездесулерде айтылған: «Егер мойындамасаңыз, сізге ең үлкен мерзім беріледі. Мойындаңыз!»
Ақпарат құралдарында тым сирек көрінген Олеся Кексель 2017 жылы жылдың үздік мемлекеттік қызметкер марапатын иеленген.
Олеся Кексель бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюрода тергеу департаменті бастығының орынбасары болған. Ал 2018 жылдың қаңтарынан бастап Бас прокуратураға ауысқан. Екі қызметінде де Қайрат Қожамжаровтың қол астында істеді. Ал Қожамжаров наурыз айында сенатор болып тағайындалды. Арада екі ай өткенде Кексель де өз еркімен жұмыстан кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!