Қажымұқан мектебінде палуанның шөбересі айқай шығарды
Қажымұқан ұрпақтары өкпелі! Көкшетауда 2005-ші жылы ашылған Қажымұқан атындағы спорт мектебінде қазақтың алып азаматына деген құрмет мүлдем жоқ дейді палуанның ұрпақтары. Мұражай ретінде ашылған бөлме жиналыс залына айналған. Таяп қалған 150 жылдығына дайындық туралы айтудың өзі артық. Тіпті ғимарат қабырғасындағы көлемді әріптермен жазылған Қажымұқан есімін төрт жылдан бері қайта ілгізе алмай жүрген шөбересі Айкен Мұқанова бүгін сол мектепте айқай шығарды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
19.11.2019
Спорт мектебінің қабырғасындағы әу бастағы жазу суретте ғана қалыпты. Дәл осындай көлемді әріптерді жасату қолдан келмесе де, ғимаратқа аталарының есімі қайта жазылса екен дейді палуанның ұрпақтары.
Айкен Мұқанова, Қажымұқанның шөбересі:
- Соңдарынан жүріп, қабылдауына барып: «Қашан қоясыңдар, неге алып тастадыңдар?» деп сұрадым. Басқарма орынбасары менен уақыт беруін сұрады. «Тапсырыс бердік, төрт миллион сұрап жатыр» деді. Ол төрт миллионға қандай тақта жасауға болады деп ойлаймын. Төрт миллионға бүкіл спорт мектебін салуға болады.
14 жыл бұрын спорт мектебі ашылып, оған Қажымұқан есімі берілгенде қала басшылары Талшық ауылында жайбарақат тұрып жатқан палуанның немересі Рәзия Мұңайтпасованы көшіріп әкелген. «Музей ашамыз» деп, талай құнды құжаттарды Омбының мұрағатынан Рәзия әжейдің өзі алып келіпті. Қазір сол мұражай мәжіліс залына айналған. Ал жатақханадағы қызының қолында ғұмыр кешіп жатқан 86 жастағы әжейді мұндағылар әлдеқашан ұмытқан. Ғимараттағы жазуға келсек, оны орнына қайта ілуге «қаражат керек» дейді мектеп басшылығы.
Руслан Мусинов, Қажымұқан атындағы спорт мектебінің директоры:
- Ол жазу ғимаратқа төрт жыл бұрын жөндеу жасаған кезде жарамсыз болып қалды. Қайта құрастыруға келмеді. Қазір оны жасатуға жобалау құжатына 1 миллион теңге керек. Қарастырып жатырмыз, бірден бола қоймайды. Бюджеттен ақша бөлінсе, қайта жасатамыз.
Жауырыны жерге тимеген Қажымұқандай мықты 20-шы ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болған. Сан палуанмен белдесіп, 48 медальды мойнына таққан. Алып күш иесінің аты беріліп, жас спортшылар тәрбиелейтін мектеп ашылғанда палуаннан тараған ұрпақтар есі шыға қуанған. Енді екі жылдан соң 150 жасы атап өтілетін күнге дейін бүгінгі кемшілік «орнына келсе екен» дейді олар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!