Тұрғындар көршісінің кесірінен өз үйіне түнеуден қалған
Ақтөбеде тұрғындар көршінің кесірінен өз баспаналарына түнеуден қалған. Өйткені 63 жастағы зейнеткер қолына түскен қоқысты үйіне тасиды. «Плюшкин» синдромымен ауыратын қарттың соңғы екі жыл бойы жинаған дүниесімен қоштасқысы жоқ. Тіпті көршілерінен бөлек оған учаскелік инспектордың өзі баспанасын жинап берейін деп жалынған.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.11.2019
Зейнет жасына жеткен Михайло Слободянюктің үйіне кіру мүмкін емес. Дәлізінен бастап, ас үйі мен пәтердегі жалғыз бөлмесін қоқысқа толтырып қойған. Шаңырағында не жарық, не су жоқ. Өзі таңның атысынан, кеш батқанша қоқыс жағалап, қолына түскенін үйіне тасиды.
Михайло Слободянюк, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Пәтерімді жөндеймін деп жинай бастап едім. Енді үйге қоқыс қаптатып қойғаным рас. Тазартамын ғой.
Көршілерінің оны жамандағысы жоқ. Себебі, арақ ішпейді, темекі шекпейді, қолынан келген көмегін аямайды. Бірақ көпқабатты үйдің ауласын айнадай қылып жинайтын зейнеткердің өз пәтеріне қоқыс үйіп қойғанына жұрт аң-таң.
Ольга Туганова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Оған баспанаңды қоқыстан тазарт деп күнде айтамыз. Ертең шығарамын дейді де істемейді. Одан біз зардап шегіп отырмыз. Күлімсі иістен бөлек, бір күні қоқыстан едені шіріп түсіп кете ме деп қорқамыз.
Көршілері «Плюшкин» синдромымен ауыратын зейнеткерге қатысты әкімдіктегілерден бастап, тәртіп сақшыларына дейін шағымданған. Бірақ барлығы өзгенің меншігіне жолай алмаймыз деп отыр.
Нұрсайын Есенаманов, учаскелік инспектор:
- Бізге оның рұқсаты керек. Ол айтса шығарып беріңдер десе, біз оған дайынбыз. Қазір мында КСКмен де сөйлесіп қойдық. Олар айтып тұр «айтыңыздар, машинаны алып келеміз» деп. Өзім де киімімді шешіп, мусор тазартуға дайынмын.
Көршілер зейнеткердің бұрын қоқыс жинауға құмар болмағанын айтады. Тек жұбайы қайтқалы осы әдетін шығарыпты. Мамандар болса, Плюшкин синдромына көбіне күйзеліске түскендер шалдығады деп отыр. Сондықтан оған ең алдымен психологиялық көмек қажет екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!