Қарағанды түрмесінде отырған Африка азаматтары моральдық шығын талап етті
Қарағандыда ұрлық үшін бес жылға сотталған Нигерия азаматтары ақталып шықты. Олар Түркия азаматының 30 мың АҚШ долларын қолды қылды деп айыпталған. Апелляциядан кейін іс қайта қарауға жіберіліп, олардың кінәсі дәлелденбегені анықталды. Енді екі жылға жуық Қарағанды түрмесінде отырған Африка азаматтары полициядан моральдық шығын өндірмек ниетте.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
19.11.2019
Саян Айтқожин, судья:
- Тергеу ісінде көптеген қателіктер кеткен. Айыптау тек жәбір көруші мен куәгерлердің түсініктемесінен ғана құралған. Затай айғақтар толық жиналмаған және процессуалдық тұрғыда көптеген заңға қайшылықтарға жол бірелген. Сол себепті оларды ақтау туралы шешім шығып, тергеу органдарының қателіктеріне байланысты оларға жеке қаулы шықты.
Нигерия азаматтары Ебоде Климант пен Петер Точукву 22 ай бойы қамауда отырды. Тергеу мәліметінше, олар Қазақстанға жұмыс істеуге келген. Қарағандыда Түркия азаматымен танысып, әріптестік негізде бизнес жасамақшы болыпты. Екі тараптың кездесуінен кейін Тұйғын Юсуф үйімнен 30 мың долларым ұрланды деп арызданған. Полиция соның алдында үйде қонақта болып кеткен екі шетел азаматын ұстайды. Ақыры, сот оларды бес жылға соттады. Алайда апелляция алқасы аудандық сотта қаралған істе шикіліктер бар деп шешкен. Соттаушылардың уәждері «гугл аудармашының» көмегімен қалай болса солай аударылыпты. Іс қайта қаралғанда аудармашы алдырылып, тіл білмейтін екеудің жанайқайы судьяның құлағына жеткен.
Ебоде Климент, Нигерия азаматы:
- Тілді, бұл жақтың жүйесін білмейміз. Түрмеде қатты қиналдық. Жүрек, жүйке жүйесі ауруларына душар болдық. Шырпыр болып айтқанымызды ешкімге түсіндіре алмадық. Күдерімізді үзгенде, жақсы қорғаушы табылып жолымыз болды. Енді көрген қорлығымыз үшін полицейлерден 50 мың АҚШ доллары көлемінде моральдық шығын талап етеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!