Суретшілер мен одақ әкімшілігі арасындағы тартыста тарихи нысан қирап тынуы мүмкін
Тозығы жеткен тарихи нысан. Алматыда бір топ қылқалам шебері Суретшілер одағы орналасқан ғимараттың жай-күйін айтып дабыл қақты. Құлауға шақ тұрған ғимарат ішіне кіріп-шығу мүмкін емес. Енді осының өзі «көзден бұлбұл ұшуы мүмкін» деп мұң шаққандар құзырлы министрліктен араша сұрайды. Ал одақ басшылығы әркім өз меншігіндегі бөлмелердің мәселесіне өзі жауап беруі тиіс деп міз бақпай отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
19.11.2019
Алматының қақ ортасындағы ғимаратты хас өнердің бекзадасы – суретшілер қауымы мекен етеді десе ешкім сенбейтіні шындық. Сырты бүтін көрінгенмен, сылағы түскен қабырға, целлофанмен қапталған терезе, есігін ашуға жүрек дауаламайтын әжетхана тарихи ғимараттың құтын қашырып тұр. Ал бірнеше жыл бойы осы мәселені көтеруден қажымаған қылқалам шеберлері Қазақстан суретшілер одағының басшылығына өкпелі.
Қабдырахман Отарбай, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:
- Қазір бұл әбден үй тозды. Жеделсаты, дәліздер, баспалдақ алаңдары бәрі тозып тұр. Бұған ешқандай жөндеу жүргізілмеді. Біздің суретшілер одағымен диалог шықпай жатыр. Олар шақырған жерге бірде келсе, бірде келмейді. Бірақ дәл қазір суретшілер одағының заңи статусы анықталмай тұр. Қоғамдық бірлестік. Бұлар еш жерге есеп бермейді.
Виолетта Кнутова, белгілі суретші Иван Бондаренконың қызы:
- Ғимараттың жыл өткен сайын сәні қашып, құрып бара жатыр. Суретшілер одағына біздің қиналғанымыз тиімді секілді. Шығырмашылықпен айналысуға еш мүмкіндік жоқ. Бұрын дәл осы жерде әкем шабытпен жұмыс істейтін. Қазір ғимаратқа кіргің келмейді.
Суретшілердің айтуынша, жеті қабатты ғимаратта 70-ке жуық шеберхана бар. Кезінде тіршілігі қыз-қыз қайнаған одаққа тиесілі нысан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті деп күйінген суретшілер төрағадан күдерін үзіп, құзырлы министрліктен араша сұрауға көшті.
Қабдырахман Отарбай, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:
- Жалға берушілерден түсетін ақшаның қайда кеткенін білмейміз. Олар ақша жоқ деп отыр. Оларды тексеруге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Қаржы жағы не болып жатқанын білмейміз. Суретшілер одағының съезі боп жатқанда Мәдениет министрлігіне бір адам келіп, Суретшілер одағының төрағасын сайлап кеткен. Дәл мынадай қиын жағдайда министрліктің біреуі келуге тиісті.
Алайда Суретшілер одағы төрағасының дерегінше, 1993 жылы ғимараттағы бөлмелер қоғамдық бірлестіктен шеберхана иелерінің меншігіне беріліпті. Бірақ дәліз, баспалдақ және өзге де көпшілік тұтынатын орындар одақтың меншігінде қалып қойған. Тіпті одақ басшысы суретшілерді ішер суына бір тиын төлемей отыр деп айыптады.
Өмірбек Жұбаниязов, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы:
- Жалпы айтқанда 100 пайыз өздерінің ішіп отырған суын, қоқысын шығаруға, жүрген дәлізін жинастыруға еден жуушы іздейміз, оларға жалақыны одақ төлеп келе жатыр.
Құзырлы министрлік өкілдері қоғамдық ұйымды тек шығармашылық тұрғыдан қолдап отырамыз дейді. Демек суретшілер мен одақ әкімшілігі арасындағы тартыстың қашан аяқталатыны белгісіз. Бірақ балапан басына, тұрымтай тұсына тартып жүргенде тарихи нысан қирап тынуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!