Елордада жер үйде тұратын жағдайы төмен отбасылар қатты алаңдап отыр
Елордада газды үйге жеткізу 30 мыңнан 60 мың теңгеге дейін барады. Әдетте өңірлердің өзінде 200 мың теңгеден кем түспейтін қымбат қызмет республикамыздың бас қаласында кенеттен арзандайын деп тұр. Осылай деген қала басшылығының сөзі өтірік боп шықпаса. Ал елорданың іргесіне келіп тұрған «Сарыарқа» магистральді газ құбыры келер жылы қалайда қалаға тарауы керек. Тек тұрғындар бұған сенбей отыр. Әсіресе жер үйде тұратын жағдайы төмен отбасылар қатты алаңдаулы. Неге?
Автор: Ербол Тұрымбет
20.11.2019
Өңірлерде 200-300 мың теңге десек, Алматыда бұл баға бір жарым миллионға дейін барады. Газды үйге кіргізу бағасын айтып отырмыз. Бірақ бас қалада небәрі 30 мың теңгеге, ары кетсе 60 мың деп, шенеуніктер айды аспанға бір-ақ шығарды. Себебі қандай?
Ернат Бәзіл, Нұр-Сұлтан қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
- Бізде ондай болмайды. Бізде тек қана Үкіметтің ақшасына салынып жатыр, Үкіметтің ақшасына дуалына дейін алып келді. «Сарыарқаның» газ құбырынан 17 шақырым алып келіп, оны халыққа бөлмейді. Сіз тек қана өзіңіз кіргізген 23 метр ме, соның ақшасын ғана төлейсіз.
Яғни, ешқандай жекеменшік компания сізді қыруар «шығынға батырмайды» деп отыр. Ал мамандардың айтуынша, бұның өзі аз ақшаға түспейді. Себебі онда қара жұмыстан бөлек, үйге кіргізуге арнайы сараптама жасату қажет. Басқа да шараларын қоса алғанда ,аз ақшаға түспейді. Оны естіген жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар көмірден айрылғысы жоқ.
Айнұр Таукелова:
- Енді менің күйеуім 100 мың ғана айлық алады. Және 10500 балалар жәрдемақысы. Бізге ол да жетпей жатыр. Пәтеріміз бар төлейтін, балалардың балабақшасы, киімкешегі, тамағы. Мен оны көтере алмаймын. Тым құрығанда көп балалы аналарға 100 мыңдай істеп берсе. Тіпті 100 мың да көп. Кейбіреулер оны да көтере алмайды.
Көмірді көп тұтынатын тұрғындар бас қалада жетіп артылады. Тап осындай 23 мың жер үй бар. Сондықтан тас отын бұл жаққа вагон-вагонымен келіп жатыр.
Астанаға жеткізіліп жатқан Шұбаркөлдің көмірі. Осы жерден көліктерге тиеледі де, үйді-үйге таратылады. Тоннасы 12 мыңнан. Жер үйде тұратын астаналықтарға көмір жағып отыра берген әлдеқайда тиімді. Себебі, газға қарағанда біраз арзан. Көмір тасып күнелтіп отырған жүргізушілер де жұмысынан айрылып қаламыз деп қорқады. Неше жылдан бері тіршілігімен табыс тауып жүрген Серік Сәметовтің басында дәл осындай жағдай.
Серік Сәметов, көлік жүргізушісі:
- Бәрі газға көшіп кетсе, жұмыссыз қаламыз ғой. Осымен балашағамызды асырап отырмыз. Енді не істейміз? Жұмыс жоқ, бүкіл жерде жұмыс бітті. Жасың 60қа келгенде ешкім жұмысқа алмайды.
267 миллиард теңгеге салынып жатқан «Сарыарқа» магистральді газ құбыры қазір елордаға жетті. Бірақ қала оны қабылдауға дайын емес. Келер жылы таратыла бастайды. Ал газдың тарифі қанша болары белгісіз. Оны да монополияға қарсы комитет келесі жылы бекітеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!