Оралда 10 жастағы қыздың демі үзілген жерде ойыншықтар мен гүл шоқтары үйілді
Оралда 10 жастағы қыздың демі үзілген жерге тұрғындар ойыншықтар мен гүл шоқтарын әкеліп жатыр. Кеше оны жаяу жүргіншілер жолағында жолдан өткен кезде көлік соққан еді. Айару Ермек сол жерде жан тапсырды. Ал оқиға орнынан қарасын батырған жүргізушіні полиция бес сағаттан кейін ұстаған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
21.11.2019
Манарбек Нажиев, Орал қаласы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:
- Менің автокөлігімді белгісіз адамдар айдап кетті, ұрлап кетті деген. Бірақ жинақталған дәлелдемелерге сәйкес, фактімен көрсеткенде ол көлік оқиғасына қатысы барын, сол жол көлік оқиғасын жасағанын мойындады.
Жол апаты өзге көліктердің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Соққының қатты болғаны соншалық, қаршадай қыз бірнеше метр жерге ұшып түскен.
Қазір күдікті тергеу абақтысында. 33 жастағы ол бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен қала тұрғындары апатқа жергілікті биліктің де кінәсі бар деп санайды. Өйткені қаладағы көп көшеде жарық шамдары жоқ. Айару жан тапсырған жер де тас қараңғы екен. Жұрттың наразылығынан кейін жергілікті билік апат болған жерге көше шамдарын жанталасып орнатып жатыр. Ал қалған қараңғы жерлерді «келесі жылы жарықтандырамыз» дейді.
Міржан Нұртазиев, Орал қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Жалпы жобалықсметалық құжат жасақталып жатыр. Аталған көшеге түгелдей жарық шам қажет. Жылдың аяқталуына байланысты биыл болмайды. Келесі жылдан бастап қондыру жоспарланды. Жаяу жүргіншілер жолын биыл қондырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!