Алматы облысы: Мүгедектердің қамқоршылары үш ай жалақысыз жүр
Зағип жандардың көмекшілері шу шығарды. Көзі мүлдем көрмейтін мүгедектерге түрлі қызмет көрсететін мамандар үш айдан бері еңбек ақысын ала алмай жүр. «Шенеуніктердің құр уәдесінен шаршадық» деп ашынған әлеуметтік қызметкерлер әкімдікті басына көтеріп, жұмыспен қамту бөлімінің басшысын алқымынан алды. Мүгедектер мен қамқоршыларының базынасын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.11.2019
Іле ауданындағы зағип жандардың көмекшілері көмек сұрауға әкімдіктің алдына жиналды. Өйткені көзі мүлдем көрмейтін мүгедектерге қамқоршы болған жандар үш айдан бері жалақы көрмеген. Олар бөлінген ақшаны атқамінерлер «талан-таражға салған» деп отыр.
Ләйлә Жексенова, әлеуметтік қызметкер:
- Бізде бір ғана проблема. Аудандық кеңеске, әкімдікке барсаң да, «ақша жоқ» дейді. Бәленбай миллиарда ақша қайда кетеді? Ол жегеннен кейін кетеді. Үш ай артынан жүгіріп жүрміз.
Бұл жайт зағип жандардың да жанына батады. Зағиптарға көмекшісіз жүріп-тұру қиямет-қайым. Сондықтан жалақыны қамқоршыларымен бірге даулап, соңына дейін күресуге дайын.
Асан Кеңесбаев, бірінші топтағы мүгедек:
- Олар бізді баға ма, балаларын баға ма? Оның үстіне, бізге қанша берешек екенін ешкім білмейді. Бұл бюджеттегі ақша. Ешкім қалтасынан бермейді. Қарызға сұрап отырған жоқпыз. Өз құқығымызды қорғауға келдік.
Көп ұзамай наразы топ әкімдіктің ішіне кіріп айғайға басты. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы «жалақыны аласыңдар» дегені сол-ақ еді, көмекшілер ашуға булығып, шенеунікті түтіп жей жаздады.
Ал бөлім басшысы жалақы мәселесінің қиындауына қазынадан қаржының «кеш бөлінгені себеп» дейді.
Жұмагүл Әйтенова, Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
- Біз тамыз, қыркүйек, қазан айларына қаражат сұраймыз. Бюджет бөлді. Ол өткен жетіде отырды. Процедураға осынша уақыт керек.
Іле ауданында мүмкіндігі шектеулі жандардың саны төрт мыңнан асып жығылады. Ал оларды күтіп-бағып, түрлі қызмет көрсететін 261 маман бар. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы жалақының кешіккенін қызметкерлердің күрт көбеюімен байланыстырады. Бірақ бұл мәселені алдағы күндері шешіп беруге уәде берді. Ол үшін облыстық мәслихаттан 43 млн теңге бөлінген көрінеді.
Ал қазына қаржысын көмекшілердің шотына қоғамдық бірлестік аударуы тиіс. Әлеуметтік қызметкерлердің осы бөлімнің жұмысынан көңілі қалғалы қашан. Сондықтан олар еңбек ақымызды тағы «бірнеше ай көрмеуіміз мүмкін» деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!