{metadescription}
СҚО: Мас күйде жол апатына ұшыраған экс-әкімге жұрты араша түсті
СҚО: Мас күйде жол апатына ұшыраған экс-әкімге жұрты араша түсті

СҚО: Мас күйде жол апатына ұшыраған экс-әкімге жұрты араша түсті

Қайырболатты қайтарыңдар! Солтүстік Қазақстанда мас күйінде жол апатына ұшырап қызметінен айырылған ауыл округінің бұрынғы әкіміне тұрғындар араша түсті. Якорь ауылында бір топ адам Қайырболат Чехмановты орнына қайтаруды талап етуде. Тіпті олар 150-ге тарта тұрғынның қолы қойылған арыздарын облыс басшысына жолдады. Алайда үш күн бұрын ғана мас күйінде көлік тізгіндеп, шарбақты соққан экс-әкімнің қызметке қайтып келуі екіталай.

Бұрынғы басшыларын қолдау үшін ауылдық әкімдікке 150-ге тарта тұрғын жиналды. Якорь ауылына жақын орналасқан өзге елді мекендерден де ат арылтып келгендері бар. Барлығы да Қайырболат Чехмановтың іскерлігін айтып, бұрынғы әкімді жер-көкке сыйғызбай мақтады. Сондықтан олар мас күйінде қызметтік көлігімен жол апатына ұшыраған басшының бір қателігін кешіру керек деген пікірде.

Анатолий Урбан, Якорь ауылының тұрғыны:

- Егер Чехманов расында да мас күйде қызмет көлігін жүргізген болса, сіздер, тұрғындар, оны кешіруге дайынсыздар ма?

- Әрине, әрине. Ондай жағдай кімнің басында болмайды?!

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Чехманов әкім болғалы ауыз су, жол, жарық мәселесі түбегейлі шешіліпті. Мәселен, мектепке баратын батпақ жолға қиыршық тас төселіп, қараңғы жерлерге жарық шамдары орнатылған. Ал қыста қар уақытында тазаланады екен.

Шолпан Байсалова, Якорь ауылының тұрғыны:

- Якорьге істеген жақсылығы көп. Жолымызды да, жарығымызды да жасап берді. Кім қателеспейді? Бәрі қателеседі. Сұрайтынымыз, біздің әкім қайтадан келсін. Якорьге!  

Балапан Капетов, Якорь ауылының тұрғыны:

- Өзіміз сайладық. Енді қалай болғанын білмейміз, біреу әдейі істеген шығар. Қайтару керек оны, жұмыс істесін. Халық келіп, сұрап жатыр.

Бұрынғы басшыларына араша сұраған ауыл тұрғындары арыз да жазды. Өздері қол қойған хатты олар облыс әкіміне жолдамақшы. Тіпті Қайырболат Чехмановтың кінәсіз екенін дәлелдеуге өз беттерінше тексеріс те жүргізіп көріпті. Нәтижесінде мас әкімді таспаға түсіріп, қоршауымды қиратты деген ауыл тұрғынының айтқаны «қып-қызыл өтірік» болып шықты дейді жиналғандар.

Қираған ештеңесі жоқ. Дуалына бір сызат түспеген. Тіпті темір торында да бір із жоқ. міне, қараңдар, тіпті жаншылып қалды деген шөбі сол күйі өсіп тұр.  

Қайырболат Чехманов Якорь ауылдық округін бір жыл басқарған. Алайда осыдан үш күн бұрын мас күйінде қызметтік көлігімен жол апатына ұшырап, жалпақ жұртқа масқара болған. Осыдан кейін ол жұмыстан босатылып, қарамағындағы қызметкерге бас-көз бола алмаған аудан әкіміне сөгіс жарияланды. Сондықтан «Қайырболатты қайтарыңдар» деген тұрғындардың талабының орындала қоюы екіталай.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде