Байсеркеліктер кәріз құбырынан аққан нәжістен қиналып отыр
Қараусыз қалған кәріз құбыры! Алматының іргесіндегі Байсерке ауылының тұрғындары талай жылдан бері қиындық көріп келеді. Екіқабатты пәтерлерде тұратын жұрт үйіне иесіз қалған кәріз құбырынан нәжіс ағатынын айтып шағымданды. Иісі қолқаны қабады. Тұрғындар өзі ақша шығарып, ассенизатордың көмегіне жүгінеді екен. Ал талай жыл тұрған құбырға ешкім жауапты емес. Оның себебі неде?
Автор: Әсем Қабылбек
22.11.2019
Болат Бейсенов апта сайын ассенизаторды шақыртып, жұрттан ақша жинаудан жалыққан. Өзі бірінші қабаттағы пәтеріне кәріз қалдығы жиі жайылатынын айтып қынжылады.
Болат Байтасов, Байсерке ауылының тұрғыны:
- Өзіңіз де көріп тұрсыз, сасып жатыр. Бір жеті болды, ешкім ештеңе істемейді. Екінші қабаттан жүгірмейді, мен үнемі жүгіремін бірінші қабаттан.
Байсерке ауылындағы Қонаев көшесінің тұрғындары өздерін ешкімге қажетсіз санайды. Кезінде жүгері зауытының жұмысшыларына арнап салынған жатақханаларды қазір басқа адамдар да паналайды. Бұл нысандардағы кәріз құбыры еш жерде баланста жоқ. Коммуналдық қиындық 200 отбасының бас ауруына айналған. Ассенизатордың ақысы зейнеткерлердің қалтасына ауыр салмақ.
Нұржамал Әкімбекова, Байсерке ауылының тұрғыны:
- Олар 20 мың, 10 мың, 15 мың демейді. 4050 мың дейді. Өйткені біз мүшесіміз дейді. Анау 500 теңге береді, мынау 1000 теңге береді. Сөйтіп әйтеуір ақша жинаймыз да, сол балаға береміз.
Ұзындығы бес метр құбырды тазалау құны - 50 мың теңге. Қараусыз қалған кәріз жүйесі жайлы коммуналдық сала мамандары да жақсы біледі. Оның кадастрлық нөмірі жоқ. Бұл құжат жасауға басты кедергі. Әзірге әкімдіктегілер құбырды тазалауға Іле аудандық коммуналдық шаруашылығының көлігін жібереді.
Дәулетхан Жетеуов, Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Әкімдіктің балансында ешқашан болған жоқ. Қараусыз қалған. Сонымен Іле коммуналдық шаруашылығының күшімен андасанда көмектесіп тұрамыз. Бір жыл болды, Әділет министрлігіне өткізе алмай отырмыз. Бір құжаты жоқ. Келесі жылы оны балансқа өткізетін жолын іздейміз.
Қаншама жыл қараусыз қалған құбырларға жөндеу жұмыстары да ауадай қажет. Кәріз қалдықтарын тазалаудан әбден титықтаған тұрғындар тағы да біраз жыл амалдай тұратын тәрізді. Себебі, атқамінерлер жағдайдан хабардар. Кәріз құбырларының құжаттарын реттеп оны сот арқылы шешкенше біраз уақыт өтеді екен. Сондықтан тұрғындар арасында өз қалтасынан ақша жинап, ассенизатор шақырып немесе коммуналдық шаруашылықтың көлігін шақырта тұрудан басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!