Дүкенге кетіп, бес күн жоғалған оқушы аман-есен табылды
Дүкенге шығып, қайтып оралмады. Алматыда 12 жасар Артур Федоров бес күннен бері табылмай жатыр. Балалар үйінің тәрбиеленушісі демалыс күні туысының үйінен дүкенге шығып хабар-ошарсыз кеткен. Жеткіншекті полицейлер мен еріктілер тобы іздестіруде. Бесінші сынып оқушысын көрген-білген жан жоқ.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
22.11.2019
Өткен демалыста дүкенге шығып кеткен 12 жасар Артур сол күйі оралмады. Жеткіншектің із-түссіз кеткеніне бес күн болды. Полицейлер мен еріктілер тобы оның суреті мен жеке мәліметі жазылған парақшаны қаланың әр бұрышына жапсырып бітті. Алайда мектеп оқушысын көрген-білген жан әзірге табылмай тұр. Тәртіп сақшылары Артурдың суретін жұртқа көрсетіп жүр, яғни іздестіру жұмыстарын тоқтатпаған. Компьютерлік клубтарға бас сұғып та сұрауда. Еріктілер мен полицейлер, бас-аяғы 200-ге жуық адам іздеп жатыр.
Лейла Әліпбаева, Алматы қалалық ПД ювеналдық полиция бөлімінің бастығы:
- Бұл бала «Жанұя» интернатының тәрбиеленушісі. Бұрындары да осылай кетіп қалған жағдай лары бар бала. Бірақ ол баламен профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Жақын арада табамыз деген ойдамыз.
«Жанұя» балалар үйінің басшысы Артурдың жыл басында оңалту орталығынан келгенін айтады. Оны демалыс және мереке күндері туыстары алып кетеді екен. Тәрбиешілердің айтуынша, мектеп оқушысы қақ-соғы жоқ, оқуда озат, жақсы тәртібімен көзге түскен.
Ләззат Күлсарина, Жетім балаларға арналған «Жанұя» мамандандырылған кешенінің директоры:
- Осы уақытқа дейін ол бала қашып, жаман қылық көрсеткен емес. Сабағы өте жақсы. 29шы орта мектепте оқиды. Әкесі жоқ. Шешесінің қайтыс болған анықтамасы бар.
Артур балалар үйіне келгенге дейін көше кезіп, қайыр тілеген көрінеді. Полицейлер мен еріктілер сауда орындарын түгел тінтіп шықты. Енді адам нөпірі көп жерлерді іздеп, бір хабар болып қалар деген үмітін үзбей отыр.
Дәл қазір редакциямызға осы жайтқа қатысты жаңа ақпарат келіп түсті. Полицияның берген мәліметіне сүйенсек, Артур аман-есен табылыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!