{metadescription}
Қазақстан Швейцария кәсіпкерлеріне 103 тауар ұсынып отыр
Қазақстан Швейцария кәсіпкерлеріне 103 тауар ұсынып отыр

Қазақстан Швейцария кәсіпкерлеріне 103 тауар ұсынып отыр

Швейцария сотының аталмыш шешімі екі елдің қарым-қатынасына кедергі емес! Десе де, Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары айтардықай төмендеп кетіпті. Осы олқылықтың орнын толтырып, алдағы жоспарларды нықтауға елордаға Швейцария президенті келді. Ули Маурер мен Қасым-Жомарт Тоқаев алыс-берісті қалай арттырмақ? КТК тілшісі Ақордадағы келіссөздерге куә болды.  

Ақордаға Ули Маурер кешігіңкіреп жеткенімен, швейцариялық бизнес өкілдері уақтылы жиналған екен. Ал өз-өздерімен шүйіркелескен қонақтардың қасынан біздің елдің министрлерін көрмедік. Салтанатты рәсімге жиналғандар мемлекет басшысы шыққанда ғана, артық әңгімені доғарды.

Салтанатты рәсімнен соң қос тарап Шығыс залға бет бұрды. Мұнда шағын құрамда келіссөз жүргізіліп, мемлекеттерге маңызды мәселелер қаралды. Екі елдің байланысы 27 жыл бұрын орнаған. Швейцария Қазақстан экономикасына соңғы 15 жылда 24 миллиард доллар көлемінде қаржы құйса да, сауда-саттықтың көрсеткіші әлі ойдағыдай емес.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Өкінішке орай, соңғы жылдары тауар айналымы төмендеп келе жатыр. Оның негізгі себебі, біздің тауар айналымның 80 пайыздан астамы – мұнай, басқа да шикізат. Сондықтан оның бағасы түскенде тікелей біздің тауар айналымға әсерін береді.

Алыс-берісті көбейтуге Қазақстан Швейцарияның кәсіпкерлеріне 103 тауарды ұсынып отыр. Бұл еліміздің шикізат емес экспортын 500 миллиард теңгеге арттырмақ. Тауар айналымының құрылымын әртараптандыру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге жаңа жоғары технологиялық «зәкірлі жобалар» қажет. Атап айтқанда, Қазақстанда инновациялық өндірістер құруға, жоғары технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика саласындағы жобаларды іске асыруға үлкен сұраныс бар. Машина жасау, химия, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар бірлескен жобалардың келешегі мол.

Қазақстанда қазір 40 швейцариялық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Әлі де шетелдіктердің елімізге таласы бар. Ал инвесторларға бізде барынша қолдау жасалған. Швейцария Президенті де Қазақстанмен қарым-қатынастың ашықтығына мән берді. Және қандай салалар бойынша серіктестік құратынын айтып берді.

Ули Маурер, Швейцария Президенті:

- Қазақстанның бір ұтып тұрған тұсы – халқының көп бөлігі жастар. Швейцариядан ерекшелігі де осы. Біздің елде тұрғындар қартайып жатыр. Менің ойымша, бұл факторлар екі тараптың арасындағы ынтымақтастығына аса маңызды. Тек тауар айналымы, қызмет көрсету салаларын ғана емес, білім, жаңашылдық тақырыбында серіктестік артады деген сенімдемін.

Қазақстан мен Швейцарияның ынтымақтастығы тағы бір салада беки түспек. Ол – Нұр-Сұлтан мен Цюрих арасында әуе рейсін ашу. Ули Маурердің пікірінше, екі елдің халқы бір-бірінің мәдениетін, салт-дәстүрін жақынырақ білуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғалы бері Ули Маурермен екінші рет жүздесіп тұр. Олар Женевада өткен БҰҰ-ның 74-ші сессиясы алаңында кездесіп, бірқатар маңызды мәселені талқылады. Сол сәтте Швейцария Президентін елімізге ресми сапармен келуге шақырды. Ал бұған дейін қаржы министрі ретінде Қазақстанға ат басын бірнеше рет бұрған Ули Маурер Президент ретінде қазақ жеріне алғаш рет табан тіреп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде