«Томирис» фильміндегі алқа және өзге де бұйымдар саудаға түсті
«Томиристің» алқасы аукционға қойылмақ. Ақан Сатаевтің фильмінде қолданылған бұдан өзге де бұйымдар саудаға түспекші. Оның ішінде сақ дәуірінде қолданылды деген әшекей-бұйымдардың небір үлгілері бар. Ал одан түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа жұмсалады.
Автор: Серік Селеубайұлы
25.11.2019
«Томирис» фильмі арқылы танылған Альмира Тұрсын бүгінде көрерменнің сүйікті кино әртістерінің біріне айналды. Сақ патшайымының бейнесі шынайы шығуы үшін фильмде актерлар киген әр киім арнайы тапсырыспен жасалыпты. Мысалы, фильмде Тұмар патшайым тағынған алқа. Қоладан ерекше әдіспен құйылып, 24 карат алтынмен апталып, жалғыз данасы жасалған.
Альмира Тұрсын, актриса:
- Алқаны тарихи деректерге сүйене отырып, барынша шынайы етіп жасауға тырысқан. Киімдерімізді дайындаған адамдар сақ дәуірі туралы қаншама еңбектерді,археологиялық жәдігерлерді зерттеп, мұқият жұмыс істеді. Әрине, бұл тарихи жәдігер емес. Бірақ болашақта бұйымның да құны өсетініне сенімдімін.
Бәссаудаға бұдан басқа да құнды дүниелер қойылмақ. Олардың ішінде өткен ғасырдың басында жасалған қолөнер бұйымдары, танымал адамдардың жеке заттары бар. Лоттар он екінші қысқы қайырымдылық балының аукционында сатылымға шығарылады. Дәстүрге айналған салтанатты жиынның ұйымдастырушылары биылғы акциядан да зор үміт күтеді.
Динара Шайжүнісова, «Болашақ» қорының қамқорлық кеңесі төрайымы:
- Бізге бұл жәй ғана бал емес, қайырымдылық қорға қаржы жинаудың жолы. Осы шара арқылы ерекше күтімді қажет ететін балаларға мектептке баратын мүмкіндік сыйлаймыз. Жеті жылда балдың қорытындысы бойынша 400 миллион теңгеден астам қаражат жинадық. Биыл да жылдағы көрсеткішті қайталаймыз деп сенемін.
Қор осыған дейін қайырымдылық балдан түскен қаражатқа ел бойынша 43 инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып, 400-ге жуық ерекше бүлдіршінге мектепке баруға мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ, 66 халықаралық зияткерлік және спорттық жарыстарға қатысу грантын берді. Бұл игі істің соңы емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!