Zhas Project! Жастар миллион теңгеге өз кәсібін ашуы тиіс
Жас келсе, іске! Елімізде тоғыз мыңнан астам жұмыссыз жас өз кәсібін бастады. Тағы үш мыңдайы ауыл шаруашылығы, білім беру, спорт, қызмет көрсету саласы бойынша әлеуметтік жобаларын іске асырған. Оның бәрі «Zhas Project» жобасы арқылы іске асып жатыр. Бүгін елордада үш жылдық ауқымды жоба қорытындыланды. Оның басты ұтымды тұсы – жас қазақстандықтар берілген миллион теңгеге кәсіптерін ашуы тиіс.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
26.11.2019
Дариға Назарбаева жастардың қолынан шыққан әр туындыны ұстап көрді. Жұмыстарына таңдай қақты. Бірақ Сенат төрайымы өзіне сыйланған әшекейді алған жоқ. Мұндағысы, сыйлықты ісін дөңгелеткеннен кейін ғана алу керек дегені.
- Көп рақмет! Дүкеніңізді ашқан кезде, өзім келіп сатып аламын.
Көрмеге ең үздік жұмыстар қойылды. Соның бірі – маңғыстаулық Әсем Сәулиеваның тоқыма бұйымдары. «Жас проджектке» қатысып, шала туған сәбилерге жылу сыйлап келеді. Соның арқасында шеберханада бірнеше адам нәпақасын тауып отыр.
Әсем Сәулиева, жоба қатысушысы:
- Бір ерекшелігі – шала туған балаларға нағыз керек дүние. Денесіне әсері бар. Тоқыманы кигізгенде бала жыбырлайды. Балаға жылы болады.
Жобаны 21 миллион доллардан астам қаражат құйып, Дүниежүзілік банк қаржыландырды. Үш жылдың ішінде 14-29 жас аралығындағылар 2679 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Түрлі сала. Түрлі бағыт. Ең көбі – сүт және ет өнімдері өндірісін дамытуға арналған. Бір миллион теңге грант ұтса да, оны пайдаланбаған жастар да болыпты.
Гүлмира Ескендірова, жоба жетекшісі:
- Грант ұтып алып, жобаларын жүзеге асыра алмаған жастар бар. Басты себебі, денсаулық жағдайы төмендеу, отау құрып, басқа жерлерге қоныс аударған, сол себепті жобасын жабуға мәжбүр болды.
Жастар корпусын дамыту жобасы тек бизнес ашу ғана емес, отбасылық жағдайды түбегейлі өзгертуге де әсер етіпті. Кондитерлік дүкен иесі Раушан Қамидоллаева хикаясын айтып, көз жасына ерік берді.
Раушан Камидуллаева, жоба қатысушысы:
- Жобаны жалғастыруда өте қиын болды. Көрші ауылдарға тәттілерімді апаруға көлік таба алмай қатты қиналдым. Тасымалдауда өзімнің қазіргі жолдасымды кездестірдім (жылайды).
Атыраулық арудың бойындағы күш-жігерді Дариға Назарбаева барлық жасқа үлгі етті. Ал бәсекелестікке қабілетті арттыруға Қазақстанда жасалған өнімдерді сатып алуға, тұтынуға кеңес берді.
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Тауар өндірушілермен қатар, бізге, яғни тұтынушыларға да қазақстандық өнімдерді сатып алатын кез келді. Ол үшін біздің тауарлар бәсекеге қабілетті болуы шарт. Сыртқы қаптамалары әдемі, адам денсаулығына пайдасы зор болса, тіптен жақсы. Сол үшін тыңғылықты жұмыс істеуіміз керек.
«Zhas Project» жобасы жастардың өз ісін бастауға мүмкіндік берді. Яғни, 9016 жұмыссыз жас өздерін кәсіпкер ретінде сынап көрді. Жоба әлі де жалғасса деген көптің тілегі бар. Ал іскер жастардың ұраны бір – Арманда, ұсын, іске асыр!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!