Сел қаупі! Алматыда екі шатқалдағы бөгетке 26 миллиард жұмсалады
Алматыға селден төнетін қауіп сейілмей тұр. Әсіресе, қала маңындағы Аюсай және Ақсай шатқалдарында сел жүріп өтсе, бір сәтте 30 мың адам зардап шегуі мүмкін. Қауіптің алдын алуға тырысқан төтеншеліктер екі шатқалда бөгет салынатынын айтты. Екі жыл бойы дайындық жұмыстары жүргізілген құрылыс келер жылы басталып, оған 26 миллиард теңге қаржы жұмсалады.
Автор: Мақсат Мәлік
26.11.2019
Ирина Ваганова табаны күректей 30 жыл бойы Ақсай шатқалын мекен етіп келеді. Сел қаупінен сәт сайын сескенсе де, басқа амалы жоқтығын айтқан алматылық тұрғын қатер төнсе, қашуға дайынбыз дейді. Ал бөгет салынса, тұрғындардың түн ұйқысы тынышталып, табиғат апатының қаупі сейілмек.
Ирина Ваганова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бөгет тұрғызылғанын қалаймыз. Себебі, таудан аққан судың аңысын аңду қиын. Тіпті қасымыздағы төбе ақырындап өзенге жылжып келеді. Кейде өзен суы бірнеше ай бойы лайланып, топырақ араласып аққанда қатты қорқып кетеміз.
Ал төтеншеліктердің айтуынша, Алматы маңындағы Аюсай және Ақсай шатқалдарында сел жүру қаупі өте жоғары. Ең қиыны, екі шатқалда 300-ге жуық әлеуметтік және өндірістік нысан бар. Егер табиғат қатаң мінез танытып, бір сәтте жойқын сел жайпап өтсе, 30 мың адам зардап шегуі мүмкін. Демек, селден қорғайтын бөгет тұрғызу күн тәртібіндегі өткір мәселе дейді төтеншеліктер. Тіпті екі шатқалдағы бөгет құрылысына 26 миллиард теңге бөлініпті.
Серік Әубәкіров, Алматы қаласы ТЖД бастығы:
- Аюсай және Ақсай шатқалдарында салынатын бөгеттің дайындығы жөнінде қазан айында Президентті хабардар еттік. Соған сәйкес тапсырма бар. Жобалықсметалық құжаттарды әзірлеуге екі жыл уақыт кетті. Қазір құжаттар сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.
Мамандар Ақсай шатқалында бұған дейін бөгет салынбаған десе, Аюсайдағы жағдай тіптен сорақы. Себебі, соңғы 20 жыл көлемінде бұл маңда дәмхана, мейрамхана секілді түрлі ойын-сауық мекемелері оңды-солды салынған. Сондықтан бір түнде таудан құлайтын селдің бәрін шайып кетпесіне ешкім кепілдік бермейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!