Сенат спикері есту, сөйлеу қабілетінен айрылған жандардың талантына тәнті болды
Елордадағы Жастар театры сахнасында ерекше қойылым өтті. Баршаға белгілі «Джунгли кітабының» осы заманға бейімделген нұсқасы «Біз қандаспыз» деп аталады. Айта кететін жайт, әлеуметтік драмада ойнаған актерлер есту, сөйлеу қабілетінен айрылған жандар.
Автор: Серік Селеубайұлы
27.11.2019
Әйгілі Мауглидің хикаясы мен қазіргі заман оқиғалары шебер қиылысқан қойылым ешкімді бей-жай қалдырмады. Кәсіби білімі болмаса да, рөлдерін шебер ойнаған труппа мүшелері сахналарын көрерменге ым-ишарамен баяндады. Спектакльдің басты кейіпкері – жалғыз өзі бүкіл әлемге қарсы тұрған жетім бала. Жолындағы қиындықтарды жеңе білген қайсар мінезді жеткіншектің образын сомдаған актер рөліне ұзақ дайындалғанын сурдоаудармашы арқылы жеткізді.
Даниал Кангожин, театр актері:
- Көңілкүйді білдіретін сахналарды орындау өте қиын болды. Хореографиялық жаттығулар мен рөлім қатты ұнады. Ойнау қиын, бірақ қызықты болды.
Ерекше актерлердің 40-шы рет ұсынып отырған қойылымы. Алты ай бұрын құрылған театрдың труппасында бүгінде мүмкіндігі шектеулі 50 бүлдіршін бар. Әзірге үш қойылымды ым-ишара тіліне икемдеп сахналап жүр. Бұл талантты балаларды жинап, бір ұжымға біріктіру қалай өткенін жоба жетекшісінен білдік.
Құралай Түсбекова, Ұлттық дельфий комитетінің директоры:
- Балалардың 80 пайызы Дельфий ойындарының парадельфий аталымы бойынша жеңімпаз атанған. Біз үш ай бойы күнделікті дайындалдық. Олар актерлікшеберлік, хореография, ымишара тілі бойынша жеделдетілген курста оқыды.
Актерлердің талантын тамашалауға Сенат спикері де келді. Қойылым аяқталғанда залдағы барша көрерменмен бірге тік тұрып қол соққан Дариға Назарбаева ризашылығын білдірді. Спектакльден соң ол театр ұжымымен жолығып, керемет кеш сыйлағанына алғыс айтты.
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Мені шақырғандарыңызға көп рақмет! Көбіміздің жұмыс күнінен соң шаршап, театрға баруға шамамыз келмей жатады. Бүгін, міне, сендердің арқаларыңда осындай керемет спектакль тамашалаудың сәті түсті. Қойылымды рахаттанып отырып көрдік. Бәріміз сендердің өнерлеріңе, мықты рухтарыңа тәнтіміз.
Ерекше театрдың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу. Мәселен, театрда Даун синдромы бар актерлерінің мазасыздануы сиреп, ұжымда әрекет ету қабілеті дамыған. Есту қабілеті төмен жастардың оқу үлгерімі жақсарған. Ал гастрольдер олардың дүниетанымын кеңейтеді, - дейді мамандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!