Алматы әкімі қалталы азаматтарды қалаға қаржы салуға шақырды
Алматы қаласын дамытуға алдағы жылдары 2 миллиард доллар жұмсалады. Бүгін шетелдік инвесторлардың қатысуымен өткен форумда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев осылай деді. Оңтүстік шаһардың алдағы 30 жылға арналған жоспарымен бөліскен әкім бұдан былай қаланың тек орталығы ғана емес, шет аудандары да тұрғындар үшін қолайлы болуы тиіс дейді. Өйткені Алматының ең асыл қазынасы – адам қапиталы болуы тиіс. Сондықтан Сағынтаев қалталы азаматтарды Алатаудың етегінде орналасқан әсем қаланың өсіп-өркендеуіне қаржы салуға шақырды.
Автор: Диас Нұрақын
27.11.2019
Алматының инвестициялық тартылымдылығын арттыруға арналған форумға алыс-шақын шет елден 700-ге тарта іскер топ өкілдері қатысуға ниет білдерген. Олардың арасында ірі компания өкілдері де бар. Барлығы да Алматыға инвестиция салуға ниетті. Сондықтан қала әкімі қалтасы қалың азаматтарға қандай салаға қаржы құюға болатынын айтып, жоспарларымен бөлісті.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Мақсат – Алматыны мәдени әрі креативты қала ретінде дамыту. Инновация орталығы, жаңа индустрия және экономика мен білім ошағына айналдырып, барлық талантты жастар мен инвестиция салуға қолайлы қалаға айналдырсақ дейміз. Сондықтан креативті экономика туралы айтқым келеді. Бұл – инвесторларға тартымды сала. Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметінше, бүгін 1ші сыныпта оқитындардың 65 пайызы болашақта біз әлі білмеген мамандықтарды иеленеді екен.
Шетелдік инвесторларға туризм саласы да тартымды. Былтыр Алматыға 1 миллиоға жуық саяхатшы келген. Қазақстанға аяқ басқан шетелдіктердің 44 пайызы Алатауды бір көрмей кетпейді екен. Сондықтан әкімдік осы саланы одан әрі дамыту үшін шаһарды үлкен кино алаңына айналдыру керек дейді.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Қазірдің өзінде Алматыға кино, клип, деректі фильм мен жарнама түсіруге көптеген шетелдік студиялар келе бастады. Оларға жағдай жасауға әкімдік жанынан арнайы ұйым құрылады. Ол шетелдік және отандық кинокомпанияларға түсірілім жұмыстарын ұйымдастыруға көмектеседі. Кинобизнес қауымдастығы, білім мен мемлекеттік қолдау арқылы біз отандық кино саласын дамытамыз.
Әдетте қаланың дамуын тек биік ғимараттар, тегіс жол, бизнеске қолайлы жағдай деп түсінетінбіз. Алайда Бақытжан Сағынтаев енді жас сазгерлер, әншілер, кино және театр әртістері мен ақын-жазушыларды да қолдауға күш салмақ. Тіпті алдағы уақытта қаладағы барлық кітапханалар қайта жөндеуден өткізіліп, қосымша тағы бірнеше оқу залдары ашылатынын айтты. «Арқылы Алматыдағы адам капиталын дамытамыз», - дейді әкім. Ал бұл жұмыстарды жүзеге асыруға алдағы уақытта 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!