Мәжіліс мұғалім мәртебесі заңын бірінші оқылымда мақұлдады
Мұғалімдерді бұдан былай өзіне қатысы жоқ жұмысқа тартса, қағазбастылыққа салып қойса және тексеруші органдар шамадан тыс мазаласа, директор болсын, әкім болсын, шара қолданылады. Яғни 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Бір жылдан аса талқыға түскен заңды Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Енді Сенаттың қарауынан өтсе болғаны. Мұғалім мәртебесін көтереді делінген құжат жайында КТК тілшісі тарқатады.
Автор: Ербол Тұрымбет
28.11.2019
Мұғалімнің оқушысына өзін сыйлата алуы өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, мемлекеттің мұғалімнің қадірін қашырмайтындай жағдай жасауы министрлікке міндет. Ауылға дөкей келсе, концерт қойып, көшеде жалау ұстауға дейін ерінбей жүретін – ұстаздар. Б асы артық шаруадан басын арашалап алу туралы заң жобасының талқыланып жатқанына жылдан асты. Бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Төрт бағыт бар. Бірінші, мұғалімдерді әр түрлі өзіне тән емес жұмыстарға тарту, қағазбастылық, тексеріс мәселесі. Бұл мәселелер бойынша нақты санкция қарастырылған. Енді бұдан кейін осындай мәселелер болатын болса, онда осы санкция бойынша айыппұл төлейді, 20дан 120 АЕК-ке теңестірілген.
Ұстаздар қауымының мойнынан түсетін тағы бір ауыртпалық – жүктеменің азаюы. Бір орынды алып отырған мұғалімге толық 18 сағат берілетін болса, енді оның да көлемі азаяды. «Сол арқылы бір оқпен екі қоян атып, оқушылардың да миына ауыртпалық салудан құтыламыз», - дейді министр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бір ставка – 18 сағат. 18 сағаттан 16 сағатқа түсіру деген сұрақ енді 10 жыл емес, одан көп уақыт біздің қоғамда талқыланып жатыр. Биыл осы мәселе шешімін тауып отыр. Енді біз осы мәселені 16 сағатқа дейін қысқартып, жалпы бұл тек қана мұғалімнің жүктемесі емес, балалардың жүктемесі типтік оқу жоспарларында азаяды дегенді білдіреді.
Ал сынып жетекшілігі мен дәптер тексеру сынды қосымша жұмыстарға үстеме ақысы екі есе өседі. Бірақ қолданысқа түскелі бері даудан арылмаған электронды күнделікке келгенде депутаттар мен министр бір байламға келе алмады. Өйткені білімді тегін алу оқушының Ата заңмен бекітілген құқығы. Бірақ күнделікті қолдануға келгенде оған ақы төлету Білім министрлігіне жараспайды, - дейді депутаттар.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Бағасын білу – ақылы, мұғалімнің сынескертпелерін білу – ақылы, ұялы қосымшамен кіру – ақылы. Мұның барлығы білім беру жүйесінің құрамына кіреді. Ата-ана мұғалімнің сын-ескертпелерін білмейтін болса, баласының үлгерімін қалай бақылап отырады?
Министр тұшымды жауап таппай, осы жүйені жасаған IT компанияға өзгеріс енгізу жөнінде хат жазғанын жеткізді.
Егер заң жыл соңына дейін қабылданса, мұғалімдер қауымының жалақысы қаңтардан бастап 25 пайызға өседі. Бірақ меже одан да жоғары. Себебі, мұғалімдердің орташа жалақысы бүкіл елдегі орташа жалақының 65 пайызына ғана тең екен. Министрлік жалақыны 100 пайыздан да асырғысы келеді. Жалпы осы айтылғанның бәрін жүзеге асыруға алдағы бес жылға 5,3 триллион теңге қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!