{metadescription}
«Алматыметроқұрылыстың» басшысы қамауға алынды
«Алматыметроқұрылыстың» басшысы қамауға алынды

«Алматыметроқұрылыстың» басшысы қамауға алынды

Алматыдағы 30 жылға созылған метро құрылысы тағы да тұралап қалуы мүмкін. Жер асты жолын салып жатқан «Алматыметроқұрылыстың» басшысы бүгін қамауға алынды. Алдағы уақытта Қайрат Реимовке қатысты бұлтартпау шарасы белгіленеді. Ал осыны естіген жұмысшылар «айлығымызды ала алмай қаламыз ба?» деп алаңдап отыр. Өйткені «алаяқтық жасады» деп күдікке ілінген Реимов қамалса, компанияның барлық есеп-шотына бұғат салынуы мүмкін дейді жиналғандар.  

«Алматыметроқұрылыс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы ұсталды деген ақпарат кеше шыққан. Алайда бірде-бір құзырлы орган Қайрат Реимовтың қамауға алынған әлі растаған жоқ. Тек акционердің адвокаты мен қарамағындағы қызметкерлері ғана басшыны полиция ұстағанын мәлімдеді. Сондықтан олар жер астындағы «жұмыс тоқтап қала ма?»  деп алаңдап отыр. Өйткені компанияның барлық қаржы мәселелерін тек акционер ғана шешеді екен.

Батыр Адайбаев, «Алматыметроқұрылыс» АҚ басқарушы директоры:  

- Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов тұтқынға алынды. Күтпеген жерден. Біз наразылығымызды білдірейік деп жиналып отырмыз. Ар жағы не болар, құдай біледі. Жұмыс істейміз деп ойлаймыз. Ешқандай өсек болмасын. Әр жерден естіп. Бірақ біздің ұжымға ештеңе болмауы керек.

Қайрат Реимов, Дінмұхаммед Ыдырысов деген бизнесменнің арызы бойынша қамалған. Ол «Алматыметроқұрылыстың» қаржылық жағдайын жақсартуға 1,5 миллиард теңге ақша құйған екен. Енді сол қаржыны «Реимов жеп қойды» деп шағымданған. Алайда күдіктінің адвокаты бұл уәжбен келіспейміз деп отыр.

Әлімжан Оралбай, Қайрат Реимовтың адвокаты:

- Ыдырысов «Алматыметроқұрылыстың» 39 пайыз акциясын сатып алуға ақша құйған. Біз бағалы қағаздарды беруге дайынбыз. Бірақ ол одан бас тартып отыр. Екіншіден, Ыдырысов ақшаны қарызға берді. Біз орнына кепілге мүлкімізді қойдық. Егер қаласа, ол кепілдегі мүлікті сот шешімінсіз ақ тартып ала алады.

Үсті-басы шаң, түрі шаршаңқы жұмысшыларды басшыға қолдау білдіруге жинаған еді. Алайда жер астында ауыр жұмысқа жегілгендерді жоғарыдағылардың мұңы аса қызықтырмайтын секілді. Себебі, 30 метр тереңдікте тас қопарып, топырақ шығарғандар айлығымыз мардымсыз деп мұңын шақты.

Бекзат Жайдархан, жұмысшы:

- Осында жұмыс жасап жатқаныма биыл бес жыл. Оқуды біте салып кіргенмін. Ол уақыттан бері ешқандай айлық көтерілген жоқ. 90100 мың. Одан асқан айлық алмадық. Соны көтерсе, қараса. Жердің астында біздің жұмысымыз шахтадан кем емес.

Қос бизнесменнің қырқысынан осындай қарапайым жұмысшылар жапа шегуі мүмкін. Қазір жер асты жолын 800-ден астам салып жатыр.

Сегіз ай бойы куәгер ретінде жауап берген Қайрат Реимов бүгіннен бастап күдіктіге айналды. Оны қамауға алу туралы тергеушінің берген талап-арызын қалалық прокуратура қанағаттандырған. Сондықтан «Алматыметроқұрылыс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы алдағы 1-2 сағаттың ішінде сотқа жеткізіліп, оған бұлтартпау шарасы белгіленеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде