Бас прокурордың орынбасары Мәнізоров ісіне түсініктеме берді
Шағым қарша бораса да, шешім біреу! Бас прокурордың орынбасары атышулы Мәнізоров ісіне қатысты осылай деді. Заң бойынша қай органның да шағым түсіруге құқығы бар. «Бірақ, соңғы шешім қабылданған», - дейді прокурор. Ал, қылмыстық іс қозғау туралы өтініші екі мәрте кейін қайтарылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мұнымен тоқтар емес.
Автор: Мақсат Мәлік
28.11.2019
Бас прокуратураның қолдауына ие болған Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін алаңсыз жалғастырып жатыр. Бағдат Мәнізоров бүгін тіпті Сенатта төбе көрсетті.
Сенат отырысында біресе көзін уқалап, біресе терең ойға шомған Бағдат Мәнізоровтың көңілі әлденеге алаңдаулы секілді. Жүзі сынық шенеуніктің не ойлағаны өзіне ғана аян. Алайда Мәнізоровтың маңайындағы алып-қашпа әңгіменің толастайтын түрі жоқ. Басына үйірілген қара бұлттан соң қарша бораған ақпараттан қажыды ма, әлде әліптің артын бағып жүр ме, әйтеуір Алматы облысы әкімінің орынбасары тілшілермен тілдесуге құлықсыз.
- Асығыспын, жақсы, сау болыңыздар.
- Бір-екі ауыз айтсаңыз?
- Айтпаймын, заң жүзінде айтамын. Сау болыңыздар!
Айта кетейік, Бас прокуратура Мәнізоровқа тағылған айыпты негізсіз деп тапса да, екі бірдей тиісті орган әзірге бір шешімге келе алмай отыр. Себебі, бұған дейін жемқорлыққа қарсы агенттіктің қылмыстық іс қозғау туралы өтініші екі мәрте кейін қайтарылған болатын.
Бас прокурордың орынбасарын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің сансыз сұраулары ғана емес, тілшілер де әбден шаршатқан сынды. Нұр-Сұлтанның қақаған қысында желең киіммен сыртқа қарай қаша жөнелді. Бірақ, айтылған жауабы нақты. «Агенттік қанша жерден шағымданса да, шешім қабылданып қойған», - дейді Марат Ахметжанов.
- Өз құқықтары бар. Қылмыстық процестің кез келген қатысушысы шағым бере алады. Бұл қалыпты жұмыс. Әр қатысушы қанша бергісі келсе, сонша шағымдана алады. Ешқандай прецедент жоқ. Шешім қабылданып қойған.
Қыркүйек айында Бағдат Мәнізоров ірі көлемдегі алаяқтықпен айыпталып, қамауға алынғаны жөнінде ақпарат тараған. Кейін Бас прокуратура 57 жастағы шенеунікке қатысты істе «қылмыстық құрам жоқ» деп, оны ақтап шықты. Десе де, шағымданудан шаршамаған жемқорлыққа қарсы агенттік күні кеше соңына дейін күресетінін айтты. Демек Мәнізоров ісіне нүкте қойылды деуге әлі ертерек секілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!