Қызылорда-Құмкөл жол апаты! Вахтаға кеткен жұмысшылар бақилық болды
Қызылорда облысында жол апатынан көз жұмғандар саны көбейіп барады. Алғашында төрт адамның қаза тапқаны айтылған, енді мерт болғандардың саны 8-ге жетті. Апат бүгін таңертең Қызылорда-Құмкөл бағытындағы жолда, облыс орталығынан 85 шақырым жерде болған. Құмкөл мұнай кен орнына бара жатқан автобус ішінде 36 адам отырыпты. Барлығы сол жердің жұмысшылары. Түрлі жарақат алған 20-дан астам адам қазір Қызылордадағы ауруханаларда жатыр.
Автор: Бек Әбиев
03.12.2019
Жол апаты Қызылорда-Құмкөл бағытындағы жолда таңғы сағат 5 жарым шамасында болған. Шымкенттен Құмкөл кен орнына кетіп бара жатқан автобус ішінде 35 жұмысшы қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан еді. Соның 8-і сол ұйқыдан оянған жоқ. Жетеуі оқиға орнында тіл тартпай кетсе, тағы біреуі ауруханаға апара жатқанда жан тапсырды. Ал қалғандары санавиация және жедел жәрдем бригадаларымен Қызылорданың емдеу мекемелеріне жеткізілді.
Олжас Ысқақов, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта 21 науқас ауруханада жатыр. Оның 17сі облыстық көпбейімді ауруханада. 17-нің бесеуі жансақтау бөлімінде. Қалғандары травматология бөлімінде. Қалалық ауруханаларда 4 науқас жатыр. Оның біреуі жансақтау бөлімінде, үшеуі травматологияда. Барлығына толық медициналық қызмет жасалып жатыр.
Жарақат алған жұмысшылардың кейбірі тілге енді келіп жатыр. Жол апаты кезінде ұйықтап жатқандықтан ештеңе есінде жоқ екенін айтады есеңгіреген жолаушылар.
- Білмейміз, ұйықтап кеткенбіз. Не жағдай болғанын білмеймін. Жер тайғақ. Жолды қарасақ, көк тайғақ екен. Басқа еш нәрсе есімде жоқ.
Автобус аударылған аумақ қазір жабық тұр, полицейлер қоршауға алып ешкімді жолатпайды. Тек құзырлы орындардың уәкілетті қызметкерлері ғана жүр. Апат салдарынан, жолда кептеліс болып, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай сағаттап тұруға мәжбүр. Ал жол апатына көктайғақ себеп болуы мүмкін.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Ішкі істер министрлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарында кей жолдардың жабылатыны туралы ескерткен. Апат алдында жауын жауып, түнде күн суытып, жол бетіне мұз қатқан. Аталған аймақтарда қазір де сақ болған жөн.
Ал аударылған «Неоплан» автобусы Шымкенттегі «Саутс-Ойл» компаниясына тиесілі. Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, автобус қыркүйек айында техникалық байқаудан өтуі тиіс болған. Бірақ соңғы мәрте тек наурыз айында тексеріліпті. Анық-қанығын білмекке «Саутс-Ойлға» бас сұққанбыз. Алайда мекемеде күзетшіден өзге ешкім жоқ екен.
- Басшылардан ешкім болған жоқ па?
- Жоқ.
- Барлығы Қызылордаға кетіп қалды деді ме?
- Ие. Сол автобусқа кеткен ғой.
- Жол апаты болған жерге ме?
- Ыы..
- Сонда қазір ешкім жоқ па?
- Мм, ешкім жоқ қой.
Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды. Соның қортындысы бойынша апатқа кінәлі анықталып, зардап шеккендердің өтемақы мәселесі де шешілетін болады. Ал мәйітханаға түскен 8 жұмысшының денесі бүгін туыстарына қайтарылады. Вахтаға кетіп, бақилық болғандардың денесі ертеңнен бастап жерленбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!