Біреудің сәбиін ұрлап саудаға салған тараздық келіншекке сот үкімі шықты
Бала сатпақ болған тараздық келіншек бас бостандығынан айырылды. Біреудің сәбиін ұрлап, саудаға салған 22 жастағы жергілікті тұрғын жеті жылға сотталды. Бұл даулы процесс жабық жағдайда қаралды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
04.12.2019
Ербол Дүйсенбаев, судья:
- Сотталушы Жапанаваның кінәсі толық дәлелденді. Сот отырысында сұралған куәлердің, сондайақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде перинаталдық орталықтан алынған видеомен. Куәлердің, полиция қызметкерлерінің анықтағанымен. Өзге де қылмыстық жиынтығымен толық дәлелін тапты.
Сотталушы кінәсін толық мойындаған. Ал жаза кесуде оның үш баласы бары ескеріліпті. Перзенттерінің үлкені – үште, кенжесі – бес айлық.
Еске салсақ, 22 жастағы келіншек шілде айында облыстық перинаталдық орталықтан жаңа туған шақалақты ұрлап шығып, сатпақ болады. Алайда оның арам ойы жүзеге аспай, сәбиді перзентхана маңындағы қонақ үйде асырап алушыға беру сәтінде ұсталды. Белгілі болғаны, сотталушы бала асырап алушы ерлі-зайыптыға төрт ай бұрын бүлдіршін тауып беруге уәде еткен. Бірақ саудаланатын сәби жетім деп айтылған. Сөйтіп клиенттің осыншама уақыт ішінде 800 мың теңгесін алып қойған. Ал межелі мерзімде тығырыққа тірелген келіншек екі апта бұрын өзі босанған перезенханадан біреудің баласын ұрлап шыққан. Осы оқиғадан кейін, ісіне немқұрайлы қараған орталықтың төрт қызметкері жұмыстан қуылды.
Қылмыс құрамының болмауына байланысты асырап алушылар жауапқа тартылмады. Ал жеті жыл, үш айға түрмеге жабылған келіншек бұған дейін де істі болған. Оның үш перзенті жолдасымен қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!