Қарағандыда қираған ғимаратты күнелткен үш балалы отбасы көмекке мұқтаж
Қарағандының қақ ортасындағы қираған ғимаратта алты айдан бері үш балалы отбасы күнелтіп жатыр. Тіршіліктің тауқыметін тартып, шиеттей бала-шағасымен тар бөлмеге тығылғандар көмекке мұқтаж. Ал жағдай сұрап есік қаққан бірде-бір шенді жоқ. Қайта бұларға еріктілер аракідік көмек береді екен. Қуықтай бөлмеде қиындықпен күндері өтіп жатқан отбасының жайын КТК тілшісі айтып берсін.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
04.12.2019
Кеңес заманынан бері салынбай қалған зәулім ғимартта тіршілік бар дегенге ешкім сенбейді. Дегенмен бұл жерден мынадай баланың жатын орны, қоларбасы және көптеген ойыншықтарды байқауға болады. Өйткені мұнда өз елінде босқын болған бүлдіршіндер тұрады. Мына әлсіз шамның жарығы түсіп тұрған қуықтай бөлмеде көздері жәудіреген үш бала өмір сүріп жатыр.
9, 5 және 1 жарым жастағы бүлдіршіндер қуыстағы төсекке тығылған. Ал ерлі-зайыпты Сулейман Давыдов пен Севда Нуриева қара жерге төселген бір қабат киізде жатады. Отбасына ас үй де, жатын орын да ені 2, ұзындығы 4 метр болатын бөлме. Жазда Сулейман үлкен қызымен далада түнеп келген. Ендігі аязда аядай жердегі пештің төңірегіне тығылмасқа шара жоқ. Электр жарығын генератор беріп тұр.
Қара суық келгелі үш бала кезек-кезек ауыратын болған. Онсыз да бір адамның тапқанын қай жыртығына жамарын білмеген отбасы дәрі-дәрмекке шашылады. Ал бала-шағаны шомылдыруға аптасына бір рет, бір тәулікке пәтер жалдайды. Етегі жасқа толған ана халын сұрап есік қақпаған биліктегілер «ең құрығанда балаларға қарасса» дейді.
Севда Нуриева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Тым болмаса интернатқа орналастырса екен. Құжаттарының барлығы бар. Балалар бір жайлы болса, өзім де жұмысқа шығып қаражат жинар едік. Үкіметке баспана бер демеймін. Бізге уақытша көмек керек.
Сулейман Давыдов салынбай қалған спорт кешенін соңғы екі жылдан бері күзетеді. Өзбекстаннан келген Севда Нуриевамен 2013 жылы отасқан. Осыған дейін тұрған баспанасын бұрынғы әйелі мен екі қызы даулап алып, бұларды үйден қуып шыққан. Күзетшінің жалақысы пәтер жалдауға жетпегесін, мамыр айынан бері нысан қожайыны берген қуысты отбасымен паналауға мәжбүр.
Сулейман Давыдов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Балаларды енді осы жерге алып келдім, жанымда тұрсын өзім осы жерде жұмыс істеймін. Балаларымды енді далада қалдырмаймын ғой. Бастығым рұқсат берді. Әзірге пәтер жалдай алмаймын, ақшам кішкене кешіктіріп береді. Ал пәтерге жіберетін едім ғой, өзім осы жерде тұрып.
Тілшілердің ізін ала бұларды көруге шенділер де жетті. Бірақ тұрмыс жайларын көрсе де, әлеуметтік көмек беруге құлшынып тұрған олар жоқ. Өткір көздері Сулейманның жарымаған жалақысына түсті.
Бақытнұр Тәліпова, Қарағанды қалалық еңбекпен қамту бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл адамдар еңбекке қабілетті жандар болғандықтан, табыс көзі бар екен, бүгінгі күнге. Енді қандай да бір пәтер жалдап тұру мәселесін қарастыруы тиіс. Әлеуметтік көмек отбасының табыс көзіне байланысты есептеледі ғой. Онымен АСП балады болмайды деп айта алмаймын.
Бұл жерде аяқ астынан білім бөлімінің мамандары да төбе көрсетті. Олар отбасындағы үлкен қыздың мектепке қираған ғимараттан келіп жүргенін бейхабар болып шықты. Дегенмен жағдайға жағасын ұстаған боп, шұғыл түрде шара қолданамыз деп қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!