Бурабайдан репортаж! Туристерге жалға нашар пәтер бергендер енді жауапқа тартылады
Жағдайы нашар пәтерлерді туристерге жалға бергендер енді жауапқа тартылады. Елімізде заңға осындай өзгерістер енгізілгелі жатыр. Жаңа түзетулер әсіресе баспанасын туристерге жалға беріп, ақша тауып жүргендерді жөнге салмақ. Туризмдегі бұл мәселені Көкше жерінде президент те жіпке тізіп берген. Тоқаевтың жол бойындағы әжетханалардың сыйқына, қызмет көрсету сапасына сол кезде көңілі толмаған. Тілшіміз екінші Швейцария атанған аймақтың әлеуетін өз көзімен көріп қайтты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.12.2019
Қазақстанның інжу-маржаны – Бурабайға апарар жол сайрап жатыр. Елордадан 250 шақырымдай жерге екі жарым сағатта жетуге болады.
Нұр-Сұлтан-Бурабай бағытындағы тас жолдың 75-ші шақырымында тұрмыз. Ал бұл – осы шақырымды жүріп өткендегі алғаш кездескен әжетхана. Елімізде мұндай әжетханалар өте көп. Санитарлық талаптарға сай емес, иісі қолқаны қабады. Жолаушылар амалдың жоқтығынан мұндай әжетханаларды пайдалануға мәжбүр.
Ал «КазУэй» деп аталатын мақтаулы әжетханалар жол бойында тек бесеу ғана. Қыруар қаржы жұмсалған орындар 24 сағат бойы қолжетімді болуы тиіс. Көзбен көрмек болып, барғанымызда жабық тұрды. «Қазавтожол» орнатқан дәретхананың құны үш бөлмелі пәтермен тең. Бақандай - 23 миллион теңге.
Ұлан Әліпов, «Қазавтожол» ҰҚ Басқарма төрағасы:
- Біздің бұрынғы салған әжетхананың бағасы 23 миллион. Сол үшін сондай баға бердік. Олардың бағасы шамамен солай болады деген оймен бердік. Әр түрлі материалдан жасалады, сынбайтын, қиратпайтын, ұрлап кетпейтін затпен жасап жатыр. Сондықтан оның бағасы жоғарырақ болуы мүмкін.
Бурабай жылдың төрт мезгілінде туристер қабылдауға әзір. Қыстың қаһарлы аязында үйін жалға беруге дайын риэлторсымақтарды «өздерінің мекенінен» таба аласыз. Олар – салықтан жалтару үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер.
Қыста бір бөлмелі пәтер 7 мыңға, ал екі бөлмелі 8-10 мыңға жалға беріледі. Мереке күндері бағасы аспандап кететіні тағы бар. Қалтасы қалыңдар қонақ үйлерге бас сұғады.
Жазда Бурабайға ағылатын адам санында шек жоқ. Ыстық күндері тіпті Ресейдің өзінен 500 мың турист келеді екен. «Темірді қызған кезінде соғатын» бурабайлық кәсіпкерлер баспана бағасын шарықтатып жібереді. Ал қонақ үйлердің жәй күндері құны 60 мың теңге. Дегенмен алған тауарлары мен көрсетілген қызметтерге банк карточкасымен төлем жасай алмайсыз. Қолма-қол ақша ғана қабылданады.
Жалпы, өңірдің туристік саласын дамытуға 2017 жылдан 2020 жылға дейін 31,1 миллиард теңге бөлінген. Биылға тағы 5 млрд теңге қарастырылыпты. Ақшаның көп бөлігі құрылысқа, инновациялық жобаларды іске асыруға жұмсалған.
Айта кету керек, уақытша жалға берілетін баспаналармен күреске билік енді білек сыбана кіріспекші.
Тимур Дүйсенғалиев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Қазақстанда негізгі қағидаларды қадағалайтын нормалар жоқ. Бізде әлі де лашықтарды жалдап тұратын адамдар бар. Заң жүзінде баспаналар негізгі талаптарға сай келуі тиіс, бірақ, бізде ол орындалмайды. Яғни, елімізде талаптарды орындамай жатқандар жазаға тартылып жатқан жоқ.
Жағдайы нашар мұндай баспаналары үшін енді пәтер иелері келесі жылдан бастап жауапкершілікке тартылады. Бірақ сол айыппұлмен ғана қызмет сапасын көтеру, онсыз да аспандаған бағаны түсіру сияқты мәселелер шешілмесі анық.
Бурабайды біздің шенеуніктер екінші Швейцарияға теңейді. Әсіресе халықаралық кездесулер, көрмелерде туристік аймақты осылай деп таныстырып жүр. Бірақ қолма-қол ақшасыз төлем жасау қарастырылмаған, туристерге жалға берілетін үйлердің жағдайы нашар, ал жолдағы әжетханалардың сыйқы жоқ. Швейцариядағыдай ма? Жоқ, әрине. Бәрі де бұрынғыша.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!