Территория правды! Журналистердің шымкенттік ауруханадан ақша бопсалағаны рас па?
Журналистер ме, әлде алаяқтар ма? Шымкентте жұқпалы аурулар ауруханасы «журналистер ақша бопсалап жатыр» деп полицияға арыз түсірді. Нұр-сұлтан қаласындағы «Территория правды» деп аталатын ақпарат агенттігінен келдік» деген топ аурухананың қоқысынан зиянды заттарды тапқан болып, оны жарияламас үшін 600 мың теңге сұраған. Бірақ дәрігерлер сол препараттарды журналиспіз дегендердің өздері қоқысқа тастағанына сенімді.
Автор: Бек Әбиев
05.12.2019
«Территория Правды» ақпарат агенттігіненбіз» деп таныстырған топ жұқпалы аурулар ауруханасының қоқысына шұқшиды. Яғни, ауруханадан шыққан заттар қалай болса солай төгіліп, қан мен зиянды қалдық араласып, қоқыстың бетіне шығып жатыр дейді. Нұр-сұлтан қаласынан арнайы келдік деп, тіпті елордалық ақпарат агенттігінің «бас редакторымын» деп құжатын көрсеткен Жанар Нұрымбетова жанындағы әріптестерімен бірнеше сағат бойы осы қалдықтарды түсірген.
Камераға ашық сұхбат беруден бас редактор мен жанындағылар құлықсыз. Ал жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері қоқыс жәшіктеріндегі ақпарат агенттігі көрсеткен ампулалар мен медициналық саймандар жұқпалы аурулар ауруханасына «тиесілі емес» дейді.
Әсел Қоңыратбаев, дәрігер-эпидемиолог:
- Мына жерде байқап тұрсаңыздар, беттерінің бәрі ашулы және бұл жердегі тасталынған вакутайнер біздің ауруханада пайдаланылмайды. Мына жатқан мұндай түрі біздің ауруханада пайдаланылмайды.
Аурухана ғимаратында бірнеше бейнекамера қойылған. Дәрігерлер камераға түскен бейнежазбаны көрсетті. Яғни, таңғы 10-нан өте бетін жапқан екі азамат қоқыс жәшіктеріне келіп ақтара бастайды. Артынша дәл осы жігіттер мен нұрсұлтандық ақпарат агенттігінің өкілдері тілші ретінде аурухана басшылығына келген.
Әлібек Оразбаев, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Ақпараттық агенттіктенбіз деп айтты. Содан кейін «біз қазір осы жазғанымызды басқа жаққа жібермеу үшін бізге 600 мың теңге бересіздер» деп ақша талап етті. Оны бізге калькуляторға 600 деп жазып көрсетті. «600 деген не?» деген кезде «артына үш нөл қоясыздар» деді, 600 мың деп көрсетті.
«Территория правды» ақпарат агенттігі әзірге тек фэйсбук және инстаграм желілерінде ғана бар. Бас редакторы Жанар Нұрымбетованың парақшасындағы дерек бойынша 41 жастағы келіншек «Территория правдыдан» бөлек, «Астарлы ақиқат» деп аталатын ақпарат агенттігінде де бас редактор қызметінде екен. Кездесуге мүмкіндігі жоқ екенін айтқан ол бопсалағаны туралы дәрігерлерде «ешқандай дәлел жоқ» деп отыр.
Жанар Тұрбалақызы, «Территория правды» және «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігінің бас редакторы:
- Олар айтқандай, бопсалау, қоқанлоққы көрсеткен деген нәрсе болған жоқ. Олдар ешқандай дәлел ұсына алмайды. Біз өз абыройымызға жұмыс істейміз. Ал олар болса бізге күйе жағып отыр. Тіпті өте ыңғайсыз жағдай, не айтарымды білмеймін.
Өзі мен жанындағы серіктеріне күйе жақты деген Жанар Тұрбалақызы енді жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты қарсы арыз түсірмек. Ал соңғы уақытта камера көтеріп, ақша бопсалайтын тілшілер көбейгенін айтқан ақ халаттылар полиция мен прокуратураға арызданып, соңына дейін айқаспақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!