Сенат спикері: Мәслихаттарда білікті маман аз
Мәслихаттарда білікті маман аз! Өңірлердегі өкілдік орган қызметкерлеріне Сенат спикері осындай баға берді. Дариға Назарбаеваның мұндай шешімге келуіне прокурорлардың берген ақпараты түрткі болыпты. Яғни, осы жылдың 9 айында нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуде мәслихат өкілдерінің қателігінен 608 құжат жойылған. Себебі, заңға сәйкес келмепті. Бұдан бөлек, халық қалаулыларының бюджет қаражатын тиімді жұмсауда жауапкершіліктері болуы шарт.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
06.12.2019
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Бюджет бұл қала, ауыл, елді мекендегі адамдардың лайықты өмір деңгейін қамтамасыз етудің басты құралы. Мәслихат депутаттары әкімдіктермен бірге өз аумақтарының бюджет қаражатын тиімді бөлуге бірдей жауапкершілікке ие болады.
Дариға Назарбаева ауылдарды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға депутаттар әкімдіктермен бірге атсалысуы қажет деп санайды. Өйткені келер жылдан бастап елді мекендердің өз бюджеті болады. Ол мақсатқа бақандай 2 триллион теңге бөлінбек. Қомақты қаржы халықтың тұрмысын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыруы керек. Ал шенеуніктер «қаражат жоқ» деп зар жылап жүр. Әсіресе бұл экологиялық шараларға қатысты. Табиғатты ластағанына салынатын айыппұлдар республикалық емес, жергілікті бюджетке беріледі екен. Бұл ақша қоршаған ортаны қорғауға жұмсалынбай, далаға шашылып жатыр.
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Қоршаған ортаның ластануы, судың сапасы адам денсаулығына әсер етеді. Экологиямызды, туған жерімізді жақсартуға шұғыл және тиімді шаралар қажет. Ағынды сулардың шамамен 50% ын кәсіпорындар тазартпайды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуге арналған 3,5 мыңнан астам полигонның тек 17% санитарлық нормаларға сәйкес келеді. 8 608 рұқсат етілмеген қоқыстар анықталды. 2018 жылы қайта өңделген және кәдеге жаратылған қалдықтардың үлесі бар болғаны 11,5% құрады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!