Қадіріміз кетті! СҚО-да мал дәрігерлері қарызға күнелтуде
Солтүстік Қазақстан облысында мал дәрігерлері адал еңбегінің ақысын талап етіп отыр. Төрт түлікті емдеуге әкімдік бекіткен жоспарды олар артығымен орындаған. Бірақ жергілікті билік қаржының тек бір бөлігін аударыпты. «Соңғы үш айда жалақыны жарытпай қойды. Енді қарызға күнелтіп жатырмыз», - деп ашынады мәл дәрігерлері.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.12.2019
Қызылжар ауданының мал дәрігерлері бір аптадан бері ауылдарына қайтпастан ветеринарлық бекеттің кеңсесін торуылдаумен жүр. Үш айдан бері айлық алмай, қарызға белшеден батып отырмыз деп ашынады. Басшылары тіпті жаңа жылға дейін жалақы болмайды деп ескерткен. «Қадіріміз жоқ болатындай не жаздық?!», - деп налиды мал дәрігерлері.
Әбдірашид Сұлтанов, мал дәрігері:
- Жалақы көріп жатқан жоқпыз. Бәріміздің несиеміз бар. Кішкентай балаларымыз бар. Неге мал дәрігерлерінің жұмысы сыйланбайды?! Мал дәрігерлерінің жұмысы көзге көрінбейді. Малдың тезегінің арасында қорада жүреміз, әңгіменің ашығы.
Ветеринарлық бекет басшылары ақшаның жоқтығына аудан әкімдігін кінәлайды. Өйткені, мемлекеттік тапсырыс бойынша 70 миллион теңгенің жұмысын жүктеген. Бірақ осы күнге дейін қаржының жартысын ғана өтепті. Ал қалған бөлігін аудару үшін келісім-шарт жасауға асығатын емес.
Есмағзам Құдасов, Қызылжар аудандық ветеринарлық бекет директоры:
- Аудандық ветеринария бөлімі ақшаның жоқтығынан бізбен атқарылған жұмысқа келісімшарт жасаудан қашып отыр. Бұл құжаттың болмауынан біз де актіні тапсыра алмаймыз. Ал жоспардағы жұмыстың бәрі толығымен атқарылды.
Ал әкімдіктегілер ақталып әлек. Қолға тиген актіге байланысты «ақшаны өтедік» деп отыр. Ал жоспардың толық орындалғанын «әлі тексеруіміз керек» дегенді айтады.
Қуаныш Сарбалинов, Қызылжар ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі:
- Бекеттегілер көрсеткен акті бойынша ғана қарыз болды. Бірақ жоспардың қаншалықты орындалғанын әлі тексеруіміз керек. Уақыт бір орында тұрмайды. Сондықтан анық-қанығын анықтауымыз керек.
Мал дәрігерлер шу шығарған соң, әкімдіктегілер ақыры айлыққа 8 миллион теңге бөлетін болды. Бірақ ол ветеринарлардың барлығына бірдей жетпейді. Енді бұл дауға еңбек инспекторлары араласпақшы. Оларға облыстық прокуратурадан тексеру жүргізуге арнайы тапсырма түскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!