Тоқаевтың әуелгі қадамын Германиядан бастауының қандай себебі бар
Қазақстан неміс кәсіпкерлерінің инвестициясына мұқтаж. Мемлекет басшысы ретінде Еуропаға алғашқы ресми сапарын Германиядан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш елдің алпауыт компанияларын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Өйткені Еуропада ғана емес, әлемдегі жетекші экономиканың бірі саналатын Германиямен алыс-беріс әлі көңіл көншітпейді. Берлинде Украина мәселесі де тағы сөз болды. Бұл ретте президент Қазақстанның қашан да Украинадағы қақтығыстың тек бейбіт жолмен шешілгенін қалайтынын шегелеп айтты.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.12.2019
Еуропаның нөмірі бірінші экономикасы Қазақстанға шетелдік инвестиция құятындардың ішінде 12-орында жүр. Тіпті биыл бұл елдің инвестициясы 22 пайыз төмендеп кеткен. Екі жақтың тауар айналымы да тым үлкен емес. 5 миллиард еуродан сәл асады. Еуропаға ел президенті ретінде алғаш сапарлатқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың әуелгі қадамын Германиядан бастауының осындай себептері бар. Кеше ел басшыларымен кездесіп алған соң Тоқаев сол Германия экономикасының алпауыттары саналатын ірі неміс компанияларымен және бизнес өкілдерімен әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз металлургия, химия, азықтүлік өндірісі салаларына инвестиция тартқымыз келеді. Ол үшін мемлекет салық, жер телімін бөлу, инфрақұрылым жүргізу бойынша қолайлы жағдай жасауға дайын. Бізде осы мақсатта 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр.
Украина мен Ресей қақтығысында Қазақстан өзін бітістіруші ел ретінде көрсетіп жүргенінен жақсы хабардар. Тоқаевтың Германияға сапары алдында неміс ақпарат құралына берген сұхбаты ол жақта да сөз болды. Айта кетейік, сол бір ауыз сөзді Қазақстан мен Украинаның достық қатынасына қайшы деген Украина сыртқы істер министрлігі біздің елшіні шақыртып алып, ренішін білдірген. Бірақ президенттің ұстанымы айқын. Қазақстан ол даудың бейбіт жолмен шешілуін ғана қалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бірінші президентіміз ара ғайын болуға Қазақстан аумағын ұсынды. Біз әлбетте, Украина мәселесі қалайда Норманд форматында шешілуі керек деп ойлаймыз. Желтоқсанның 9ында Парижде Норманд форматындағы отырыс болатынын білеміз. Біз украин халқына үлкен ықыласпен қараймыз және бұл халық бақуатты өмір сүруге лайық деп санаймыз.
Сөз райын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та арнайы түсіндіріп берді. Министрдің айтқаны, соғыс ұғымы даладағы шайқастан бұрын, адамдардың миына орнығып алған.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- «Сен, не бізбен біргесің, немесе қарсысың» деген ұғым қалыптасқан. Жалпы, болашақ қарымқатынасқа кедергі болмас үшін айтылатын кез келген ұстаным қарсы мәнде қабылданады. Біздің президентіміз нағыз дипломат ретінде «аннексияның» тым ауыр сөз екенін атап өтті. Бірақ айыптап немесе қолдаған жоқ.
Министрдің айтуынша, Ресей мен Украина қақтығысының жалғаса беруі Қазақстанға қай жағдайда да тиімсіз. Сондықтан екіжақты келісімге Қазақстанды бейтарап алаң ретінде ұсынуымыз соның дәлелі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!