Дегдар! Төрт балалар үйі жаңа құралмен қамтылып, 300 бала сыйлық алады
Елімізде төрт бірдей балалар үйі жаңа құралдармен қамтылады. Ал 300-дей бала жаңажылдық сыйлық алады. «Мелодия волшебства» қайырымдылық фестивалінің арқасында жарымжан балаларды осындай қуаныш күтіп тұр. Елордада осы қайырымдылық жобасының бір бөлігі саналатын үлкен ән кеші өтті. Елге танымал опера әншілері мен атақты өнер ұжымдарының қатарында Дариға Назарбаева да оперетта арияларын орындап, ерекше қырын тағы бір паш етті.
Автор: Ербол Тұрымбет
09.12.2019
Ерекше үлгімен тігілген театрлық киім ән кеші қонақтарының назарына ұсынылған. Әдемі киімдердің алдында тұрып суретке түсудің өзі бір ғанибет. Көрем десе, ұлттық кәдесыйлар да көз алдында. Ән кешіне келгендер қайырымдылығын білдіруді ұмытқан жоқ. Кешті тамашалау – тегін.
Азамат Жылтыркөзов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл фестивальден жиналған қаржы балалар үйіне көмекке берілетін қаржы. Өзім бірінші мәрте қатысып тұрмын фестивальге. Бүгінгі фестивальдің ерекшелігі опереттадан үзінділер орындалады. Өте ерекше кеш болады Нұр-Сұлтан қаласы үшін деп айтсақ болады.
Екі бөліктен тұратын концерттік бағдарлама көрерменін тәнті етті. Бай безендірілген сахна көздің жауын алып, атақты әншілер шырқаған даусымен айналаны Еуропаның орта ғасырларына айналдырып жіберді. Саяси аренадағы беделінен бөлек, әншілік қабілетімен де жақсы танымал Дариға Назарбаева да осы ғаламат көріністің ортасында жүр. Оның орындауында «Цирк ханшайымы» деп аталатын Имре Кальман опереттасының негізгі партиясы шырқалды.
Өнерпаздардан ықыласын аямай тұрғандардың арасында елорда әкімі Алтай Көлгінов пен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те бар. Осыдан 18 жыл бұрын Дариға Нұрсұлтанқызының бастамасымен құрылған «Дегдар» қоры биыл да балалардың қалауын орындамақ.
Лаура Ахметова, «Дегдар» қорының директоры:
- Фестивальдің арқасында ауылдық жерлердегі 4 бірдей балалар үйіне сыйлық жіберіледі. Жаңа жыл таяған сайын бәріміз сыйлық күтеміз. Сондықтан «Дегдар» қоры осы жоба арқылы әрқайсысымызға осындай сыйлық жасау мүмкіндігін ұсынды.
Былтыр мәселен, фестиваль аясында 52 миллион теңге жиналған еді. Биыл одан да асып түсті. Қайырымдылық қаражат әлі де толастаған жоқ. Бүкіл жиылған қаражат Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарының балалар үйіне жіберіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!